Испанияда цифрлық алаяқтар көбейіп, әлеуметтік желіде алданғандар саны күрт артты.
Жыл сайын бес жүз мыңға жуық киберқылмыс тіркеледі. Осыған байланысты жергілікті үкімет цифрлық қауіпсіздік және киберқорғаныс салаларын күшейту мақсатында қазынадан 1 миллиардтан аса еуро бөлді.
Испанияның құқық қорғаушылары биыл ақпан айында қырықтан астам мемлекеттік және стратегиялық нысандарға шабуыл жасаған хакерді ұстады. 18 жастағы жас жігіт бұл қылмысты жалғыз өзі жүзеге асырған. Прокурорлар оған мемлекеттік құпияны ашып, қазына қаржысын жымқырды деген айып тағып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім сұрағанмен іс әлі тергеліп жатыр. Бұл Испанияда жасалған жүз мыңдаған киберқылмыстың бірі ғана, дейді құқық қорғаушылар. Мемлекеттік қана емес, адамның жеке басына қатысты ақпаратты ұрлау, ақша жымқыру, жалған тауар сату сияқты алаяқтық түрлері тыйылмай тұр.
Пино Кабальеро Гил, Лагуна университеті компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект кафедрасының профессоры:
- Жыл сайын Испанияда 500 мыңға жуық киберқылмыс жасалады. Оның тоқсан проценті алаяқтық жолмен іске асырылады. Елдегі барлық қылмыстың үштен бірі интернет арқылы жасалған.
Испания Ұлттық киберқауіпсіздік институтының дерегіне сүйенсек қазір елдің осы саласында шамамен жүз мың маман тапшы. Әсіресе қауіпсіздік архитекторы мен инженері, қауіпсіздік аудиті және киберинтеллегенция сияқты мамандар нарықта жоқтың қасы. Үкіметтік және жеке компаниялар оқуды енді тәмамдаған студенттерді өз қаржысына оқытуға көшкен. Десе де сала өкілдері жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әр тұрғынның сақтық шараларын ескеріп жүруі өте маңызды дейді.
Роса Диас Молес, Испания ұлттық киберқауіпсіздік институтының бұрынғы директоры:
- Қоғамдық орындардағы вай-файдан бастап, лицензиясы жоқ сайттардан онлайн фильм, футбол көру сияқты әрекеттердің соңы сізге қатысты ақпарат жымқыруға әкелуі мүмкін. Соңғы жылдары желіде жасанды ақыл ойды шебер пайдаланып, айласын асыратындар белең алып келеді. Интернеттегі әр қадамды ойланып барып жасағанымыз жөн. Онлайн қателіктерді кешірмейді.
Испания үкіметі биыл ұлттық киберқауіпсіздікті күшейту үшін қазынадан 1 миллиард 157 млн евро бөлді. Қомақты қаржының бір бөлігі 5G қауіпсіздігіне арналған Операциялар Орталығын құру, жасанды ақыл ойды интеграциялау, мемлекеттік және жеке сектор арасындағы үйлестіру жұмыстарын ұйымдастыру үшін жұмсалмақ. Сондай-ақ Испания киберқауіпсіздік саласында халықаралық ынтымақтасты нығайту үшін Еуроодақтың ұжымдық қауіпсіздік агенттігі және НАТО-ның ірі бірлескен жаттығуына белсенді қатысуды көздеп отыр.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач