Былтыр елге Қатардан тікелей тартылған инвестиция көлемі 156 млн доллардан асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 18 есе көп. Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комитеттің VII отырысында алдағы мақсат-міндеттер талқыланды.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуды стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отыр. Тараптар теңіздегі порт инфрақұрылымын жаңғыртып, жүк терминалдарын салумен қоса, Орта дәлізді бірлесе дамытудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ екі елдің өкілдері халал әрі органикалық өнім жеткізу бойынша ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.
Арман Қасенов, ҚР ұлттық экономика вице-министрі:
- Телекоммуникация, көлік инфрақұрылымы мен қаржы секторында да маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың барлығы елдің ЖІӨ, өнімділік деңгейін және экспорттық әлеуетін арттырып, дамуға өз үлесін қосады.