Түркияда бірнеше күннен бері жалғасып жатқан алапат орман өрттінің сөнетін түрі жоқ. Одан сайын өршіп барады , деп хабарлайды 24kz.

От елдің бірнеше провинциясына жайылды. Измир, Биледжик пен Хатайда жағдай қиын. Қауіпті аймақтардан 50 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Жүздеген үй мен кәсіпорындар жанып кеткен.

Өрт Түркияның 41 елді мекенін шарпыды. Елдің Ішкі істер министрі Али Ерликаяның мәлімдеуінше, Сакарья, Маниса, Биледжик, Измир және Хатай өңірлерінен мыңдаған адам қауіпсіз аумақтарға көшірілген. Өрт салдарынан кеше Измирдегі әуежай уақытша жабылса, бүгін Аланияда әуе қатынасы тоқтады.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Өртке байланысты 31 адам ұсталды. Қазіргі таңда 9 аймақта өртпен күрес қарқынды жүріп жатыр. Олардың қатарында Измир, Маниса, Хатай, Айдын және Мұғла бар. Тағы бірнеше өңірде жағдай бақылауға алынған.

Алдын ала есеп бойынша Биледжикте 64, Измирде 132 үй бүлінген. Апаттар мен төтенше жағдайларды басқару басқармасы (AFAD) зардап шеккендерге қаржылай көмек бөлгенін мәлімдеді. Баспанасыз қалған азаматтарға 162 000 лира, ал контейнер сұрағандарға 72 000 лира берілмек. Жалпы шығын көлемі шамамен 1,5 миллион АҚШ долларына тең.

Түркияның Төтенше жағдайлар басқармасы (AFAD):

- Измирдің бір ғана Сеферихисар ауданынан 42 мың 300 адам эвакуацияланды. Жалпы алғанда елдің әртүрлі өңірінен 50 мыңнан астам тұрғын уақытша қауіпсіз жерлерге орналастырылды.

Төтенше жағдай жарияланған аймақтарда өрт сөндіру жұмыстары күні түні жалғасып жатыр. Түркия билігі табиғат апатының зардабын жою үшін барлық ресурсты жұмылдырған. Бірақ өрт әзірге бой беретін емес.