Түркістан облысында «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында ауқымды іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шаралар тұрақты түрде іске асырылады. Қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында биыл құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 24,2 млрд теңге қаралды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістанда өткен «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форумда осындай деректер келтіріліп, өңірде жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жұмыстар күшейтілетіні, есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізілетіні айтылды.

Осы жылдың 5 айында 163 дерек анықталып, 199 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 336 дерек анықталған. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу бағытында 405 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталды.

Сондай-ақ, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен.

Бұл орайда азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың мәселесі ерекше бақылауда. Бұл азаматтарға биыл 194 квота белгіленген.

ТҮРКІСТАН