Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватында өртті ерте анықтайтын заманауи жүйе орнатылды , деп хабарлайды 24kz.

Өрт мұнараларына 37 бейнебақылау камерасы қойылған. Олар 656 гектар жерді бақылай алады. Түтінді дер кезінде байқап, бірден орталыққа ақпарат жібереді. Жаңа құрылғыларды Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен «Қазақтелеком» Басқарма төрағасы Бағдат Мусин таныстырды. Заманауи жүйе еліміздің барлық аймағындағы орман алқаптарында қолданылады. Бұл мақсатқа 37 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Алғашқы жұмыс Абай өңірінен басталды. Қазіргі таңда бейнебақылау камералары сынақ режімінде жұмыс істеп тұр. Мамандардың айтуынша, жүйе толық іске қосылса, орманшылардың жұмысын жеңілдетіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізбек.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

- Адами фактор бар жерде ақаулықтар болады. Күрделі бір сұрақтар болады. Сондықтан цифрландырудың мәні осында. Адами факторды алып тастау. Тиімділікті өсіру және жасанды интелектті қолданып, біздің цифрландыруды Қазақстанның түкпір-түкпіріне дейін жеткіземіз.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Семейден бастадық. Мынау Ақмола облысының, одан тыс Қостанай облысында Наурызым қорығы мен Астананың маңайындағы жасанды орман жасыл белдеуі 102 мың гектар жерді қамтитын жүйені бастадық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.