Қуаңшылық қысып тұр. Түркістан облысының Келес ауданында биыл жаңбыр болмай, жайлымда шөп шықпай қалды. Әсіресе, Бірлік, Бозай, Жамбыл ауыл әкімшіліктеріндегі шаруалар малға жем-шөп таппай қиналуда. Салдарынан жылқы төл тастап, қойдан шығын болуда.

Жаңа тіршілік ауылындағы төрт түліктің аузы биылдыққа көкке тиген жоқ. Шөп әлдеқашан қурап қалған. Жердің шаңы шығып жатыр. Онсыз да қыстан қысылып шыққан малдың алды арықтап, қазір көтерем бола бастаған. Шаруалар амалсыз қораға қамап ұстауға мәжбүрміз дейді.

Хәкім Қамбаров, шаруа:

Қазір енді малдың жейтін нәрсесі де қалмады. Арзымайтын шөпті шегіртке жеді. Одан қалғанын мына көрші Жетісайдың малы талап кетті. Енді жейтін ештеңе жоқ, торпақ жалап жатыр ауылдың малы. Ал енді қалған он ай қолда болады. Сатып алайын десең шөп қымбат.

Әбдіғаппар Сахиев, шаруа:

Үйде 10-15 қойым бар еді. Соны мынау қойшыға қосқанмын. Содан 6-7 қойым қалды. Қалғаны мынау құрғақшылықтан өліп жатыр. Ақсақ-тоқсақ болып, құрттап өліп жатыр ақырында. Жылқыларымыз мына бала тастап жатыр. Шөп жоқ. Соған мынау үкіметтен жәрдем болса деп ниет қылып отырмыз.

Шығын болған малды ешкім есепке алмапты. Бар қиындықты өзіміз еңсеріп жатырмыз дейді халық. Онсыз да малмен жан бағып отырғандар биыл бір бума шөптің бағасы да шарықтап кеткенін айтады. Бір бумасы мың теңгеден асқан. Ал сатайын десе алушы жоқ.

Мірәлі Тасқұлов, шаруа:

Малымыз өте арық. Ол малдың не етін жеуге болмайды. Жоқ дегенде әрбір үйден оншақты қой өліп, бәрі тастаған. Не сатуға болмайды. Әлі шілде түскен жоқ қой, ертең шілде түскеннен кейін қандай болады енді? Бір Алланың қолында енді.

Шаруалар шөптің бағасын тұрақтандырып, қосымша жайылым жер қарастыруды сұрайды. Бірақ онысы ақталмайтын тәрізді. Себебі ауданның салаға жауапты мамандары үш ауылдық округтегі қуаңшылықтың болуы қалыпты жағдай. Өлген малға өтемақы да төленбейді,-деп қысқа қайырды.

Өмірсерік Алтынбаев, Келес аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы:

Өтемақы талап етілу тек қана төтенше жағдайлар жарияланған кезде ғана өтемақы төленеді. Алайда бұл жағдай төтенше жағдайға жатпауына байланысты ол жарияланбайды. Себебі оның өзінің шарттары бар. Сол шарттарына жауап беруі керек.

Басқа ауылдық округтерден де жайылым жер бөлу қарастырылмапты. Сондықтан шаруаларға тығырықтан шығудың жолын іздеуге тура келіп тұр.

Айнұр Әбілқасымқызы