Қазақстан Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының төрағалығын қабылдады. Бұған дейін ұйымға Әзербайжан жетекшілік еткен еді. Тағдыры мен тарихы бір түркі тілдес елдерінің Парламенті өкілдері бүгін Астанада бас қосып, ТүркПА-ның 14-ші пленарлық отырысын өткізді. Жиында арадағы достастық, парламентаралық байланысты бекемдеу, гуманитарлық байланыстарды нығайту сынды бірқатар мәселе талқыланды. Жиынға ТүркПА мүшелері: Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия сондай-ақ қонақ ретінде Өзбекстан мен Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері қатысты.

Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:

Іс-шара қорытындысы бойынша маңызды құжат – «Астана декларациясын» қабылдадық. Ол түркі елдерінің парламентаралық ынтымақтастығын күшейтуге зор септігін тигізеді. Әсіресе мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен сыйластықты арттыруға тың серпін берері сөзсіз.

Қазақстан ТүркПА-ға бір жыл төрағалық етеді. Осы уақытта еліміздің Парламенті барлық сала бойынша түркі елдермен ынтымақтастықты нағайтып, ұйымның халықаралық беделін күшейтуге барын салмақ.

Сагиба Гафарова, Әзербайжан Республикасы милли Мәжілісінің төрайымы:

«Астана декларациясы» – мемлекеттерімізді толғандыратын мәселелер бойынша ортақ ұстанымымыздың, парламенттеріміз арасындағы өзара сенім мен қолдаудың айқын көрінісі. Бүгін біз сондай-ақ ТүркПА-ның жаңа бас хатшысын, оның орынбасарын сайладық. Ұйым мүшелеріне және төрағалықты қабылдаған Қазақстан тарабына сәттілік тілеймін.

Нұрсұлтан Тілектес