Елде 1 шілдеден бастап Кәсіби қабылдаушы отбасы институты жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл – балаларды уақытша орналастырудың бір түрі. Мұндағы мақсат – жеткіншектерге қауіпсіз әрі жайлы отбасылық орта құру. Әлеуметтік жобаның артықшылығы неде? Қандай жанұялар қатыса алады?
Аршын Кемелжан, тілші:
- Тағдыр тәлкегіне түсіп, бірі тұл жетім, екіншісі тірі жетім қалғандар аз емес. Енді мұндай жеткіншектерді бірден балалар үйіне өткізбей, Кәсіби қабылдаушы отбасыға табыстайды. Бірақ оларға 1 шілдеден кейін ата-анасыз қалған балалар беріледі. Жасы 30 бен 63 арасындағы Қазақстан азаматтары ғана Кәсіби қабылдаушы тәрбиеші атана алады. Бұдан өзге де талаптар бар.
Махаббат Бегалина, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:
- Кәсіби қабылдаушы отбасы болғысы келетіндер қамқоршылық органына құжат тапсырады. Бұрын сотталмағаны жөнінде, нарколог пен психолог есебінде тұрмайтыны жөнінде, денсаулығы жайлы және тұрақты табысы туралы анықтама өткізеді. Құжаттар қабылданған соң сұхбат жүргізіледі. Одан кейін үш айлық психологиялық дайындықтан өтеді.
Жаңа бастамадан балалар үйінде өскен Любовь Темникова да хабардар. Ол – джиу-джитсудан жасөспірімдер арасындағы екі дүркін әлем чемпионы. Биік белесті бағындыруға бапкері Альберт Алдияровтың көп еңбегі сіңген. «Балаға тұрақты жанұя табылғанша уақытша Кәсіби қабылдаушы отбасыда болғаны жөн», - дейді.
Любовь Темникова, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы:
- Баланы асырап алу оңай нәрсе емес қой. Оны тәрбиелеуі бар, бала оны ата-ана ретінде қабылдай ала ма дегендей. Балалар үйінде тұрғаннан гөрі сол ата-анаға барғаны жақсы ғой. Әр адамның ойы әртүрлі.
Кәсіби қабылдаушы отбасылар баланы таңдай алмайды. Қамқоршылық органы кімді береді соны ғана алады. Ол жаңа туған шақалақтан 18 жасқа дейінгі жасөспірім болуы мүмкін. Бірақ төрт баладан артық қабылдай алмайды. Әр балаға ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді. Ал кәсіби қабылдаушының қызметін Үкімет 70 айлық есептік көрсеткішке бағалап отыр.
Жұлдыз Меңлібекова, Алматы қ. «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ директоры:
- Бір отбасынан шыққан балаларды екіге бөлуге ешкімнің құқы жоқ десем болады. Өйткені біз туысқандық қарым-қатынасты және туысқандық сүйіспеншілікті, адамкершілікті қалыптастыру үшін сол туысқандық қарым-қатынасты үзбеуіміз керек. Сондықтан кәсіби қабылдаушы отбасына берілетін болса, бір отбасынан шыққан балаларға мүмкін беріледі.
Баланың мұндай отбасында тұруының ең ұзақ мерзімі – алты ай. Үдеден шығып жатса, келісімшартты созуға болады. Қамқоршылық органдары бақылап, психологиялық көмек көрсетіп отырады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабаев