Ол тегін берілуі тиіс.
Дүкен, базарларға бара қалған кезде көп жағдайда полиэтиленді шағын пакет үшін қосымша 1, кейде 2-3 теңге талап етіп жатады. Бұл – дұрыс емес, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кей кездері дүкеннен бірнеше келі картоп, сәбіз, басқа да азық-түлік өнімдерін алған кезде сатушының таразыда көрсетілген бағаға бірнеше теңге қосатынын байқаймыз. Олар мұны целлофон ақысы деп түсіндіреді.
Алайда саудагерлердің мұндай әрекеті бұрыс болып шықты. Таразыға салынатын өнімдердің бағасына полиэтилен үшін ақша қосылмауы тиіс.
Павлодар облысы бойынша Cауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев мәселенің ара-жігін ашып берді.
"Ішкі сауда ережелеріне сәйкес, таразыға салынып сатылатын өндірістік азық-түлік тауарлары тұтынушыларға оралған, қапталған күйінде сатылуы керек. Қаптама үшін ақы алынбауы тиіс", – деді Дәулен Қабдушев.
Басқасын былай қойғанда, сауда сөрелеріне тамақ өнімдері мен химиялық-тұрмыстық тауарларды қатар, жақын орналастыруға болмайды. Бұл да – ереже бұзушылық. Тауарлық "көршілер" дұрыс таңдалуы тиіс. Осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру үшін сауда орындарының, санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдерінің қатысуымен жиын өтпек.
Жалпы, жыл басынан бері аталмыш департамент тұтынушылардан келіп түскен 570 өтінішті қарады. Соның нәтижесінде 4 айда 59 миллион теңгеден астам сома қайтарылды. Сәйкес кезеңмен салыстырар болсақ, былтыр тұтынушылардың құқығын қорғау аясында олардың 7,9 млн теңгесі өздеріне кері берілген еді.
Сонымен қатар, биыл "Сауда қызметін реттеу туралы" ҚР Заңының 76 бұзушылық анықталып, 52 ішкі сауда субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға бұзушылықтарды жою туралы 76 ұйғарым берілді.