Шекара қызметі мен полиция ірі операция жүргізді.


Алматы халықаралық әуежайы аумағында ірі көлемдегі есірткі контрабандасының жолы кесілді. Операция Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен полицияның бірлескен жұмысы нәтижесінде жүргізілді, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Полиция мәліметінше, Бангкок – Алматы рейсімен келген 20 жастағы шетел азаматы ұсталды. Жеке тексеру барысында одан жалпы салмағы шамамен 11 келі болатын гашиш майы салынған 12 пластикалық ыдыс тәркіленген.

"Жыл басынан бері жедел бөлімшелердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде елімізде есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталған. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 286-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап мүлікті тәркілей отырып, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын көздейді", – делінген хабарламада.


Оқи отырыңыз: Темекі мен есірткі саудасымен күрес: Айыппұл жүйесі мәселені шеше ме


ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Құқық қорғау органдары есірткі трафигі арналарының жолын кесу және трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күресті жалғастырады.