Астана – Новосибирск бағытындағы әуе рейсінде бортсеріктерге шабуыл жасаған жолаушы әйелге төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.


Әйелге бұзақылық дерегі бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, ол әуе кемесінің бортында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, қоғамға ашық түрде құрметсіздік танытып, азаматтарға күш қолданғаны үшін жауапқа тартылды.

Сотта анықталғандай, жолаушы ұшақ ішінде көрсетілген қызметке наразылық білдіріп, бортсеріктерге күш қолданған. Алайда олардың денсаулығына зиян келмеген.

Сотталушының кінәсі өз айғақтарымен, жәбірленушілердің көрсетулерімен және тараптар дау айтпаған қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген. Әйел кінәсін толық мойындап, кешірім сұраған әрі жазаны бас бостандығынан айырмай тағайындауды өтінген.

Сот шешімімен оған төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Сонымен қатар сот әйелді есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі емдеуге жіберіп, екі жәбірленушінің пайдасына 2 млн теңге моральдық зиян өтемақысын, сондай-ақ мемлекет кірісіне процессуалдық шығындарды өндіріп алуды міндеттеді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.