Алматы–Бангкок бағытындағы ұшақта қозғалтқыштан дыбыс шыққан.
Алматыдан Бангкокқа бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы Үндістанның Дели қаласына шұғыл түрде қонуға мәжбүр болды. Оқиға туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ұшақтың сол жақ қозғалтқышынан ұшу кезінде қатты дыбыс шыққан. Бұл деректі Air Astana компаниясы растап, жағдайға байланысты түсініктеме берді.
Компанияның хабарлауынша, 18 желтоқсан күні Алматы–Бангкок бағыты бойынша KC931 рейсін орындаған әуе кемесі техникалық себептерге байланысты Делидегі әуежайға қонған.
"138 жолаушысы бар ұшақ Алматыдан түнгі сағат 01:00-де ұшып шығып, штаттық режимде 05:51-де Делиге қауіпсіз қонды. Барлық жолаушыларға тамақ берілді, уақытша визалар рәсімделді. Қазіргі уақытта әуе компаниясы жолаушыларды қонақ үйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр", – деп хабарлады Air Astana баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Бангкокқа рейсті жалғастыру үшін резервтік әуе кемесі дайындалып жатқаны айтылды.
"Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – әуе компаниясының сөзсіз басымдығы", – делінген ресми мәлімдемеде.
Оқи отырыңыз: Алматы – Бангкок рейсінде төрт шетел азаматы төбелес шығарды