Қайтарылған активтерді басқару компаниясы қазақстандық олигархтардан тәркіленген зергерлік бұйымдарды аукционға шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.


Қайтарылған активтерді басқару компаниясының (ҚАБК) мәліметінше, 30 желтоқсанда активтерді қайтару аясында қазақстандық олигархтардан тәркіленген әшекейлерді сату бойынша қайта аукцион өтеді. Бұл – алғашқы саудада өтпей қалған мүлік.

– Аукционға кәдесый монеталар, зергерлік бұйымдар мен қолсағаттар қойылады. Барлығы 39 лот. Жалпы бастапқы бағасы – 631 млн 839 мың 861 теңге, – делінген ресми хабарламада.

ҚАБК Жаңа жыл қарсаңында сатуға ұсынатын барлық әшекейлерді электронды сауда порталы арқылы көруге болады. Ең арзан лот – ұлттық ою-өрнекпен безендірілген, күміс қаптамасы бар былғары белдік. Оның бағасы – 262,5 мың теңге.

Сондай-ақ салыстырмалы түрде арзан саналатын бұйымдардың бірі – гауһар тастармен әшекейленген ақ алтыннан жасалған көбелек бейнелі алқа. Ол 280,5 мың теңгеге бағаланған. Қалған лоттардың бағасы айтарлықтай жоғары (және неге әлі күнге дейін сатып алушы табылмағаны да түсінікті). Әртүрлі алқалар, сырғалар, жүзіктер мен басқа да әшекейлер жүздеген мың теңгеден басталып (мысалы, лағыл тасы бар жүзік – 627,3 мың теңге), көбіне миллиондаған теңгеге дейін жетеді.

Ең қымбат екі зергерлік бұйым – Van Cleef & Arpels тізбегі (46,7 млн теңгеден асады) және De Beers сырғалары (шамамен 134,4 млн теңге). Бұл лоттар бірнеше рет аукционға қойылғанымен, тіпті төмендетілген бағамен де сатып алушы табылмаған.

Алмаспен әшекейленген алтын және платинадан жасалған сырғалар, кулон мен жүзіктер жиынтық ретінде сатылымға шығарылған. Оларды сатып алу үшін 72 млн 692 мың теңге төлеу қажет.

Қымбат лоттардың қатарында бірнеше қолсағат бар. Мәселен, асыл тастармен көмкерілген циферблаты бар Frank Muller Geneve сағаты – 24,8 млн теңге. Сондай-ақ Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser қолсағаты 24,7 млн теңгеге бағаланған (корпусындағы сызаттар болмаса, бағасы одан да жоғары болуы мүмкін еді).

Ал бұл санаттағы ең қымбат лот – шектеулі, бар болғаны 30 дана болып шығарылған Ulysse Nardin Classic 789-80 хронометрі. Платина корпусымен, авантюрин циферблатымен және қолмен ойылып жасалған алтыннан құйылған шайқасып жатқан жауынгерлер бейнесімен ерекшеленетін бұл сағаттың бағасы – 182,2 млн теңге.