Қор қаражатын талан-таражға салғаны үшін 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың элиталы пәтерлері, қымбат көліктері мен зергерлік бұйымдары аукцион арқылы сатылып, түскен қаржы жәбірленушілерге өтемақы ретінде қайтарылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтты.
«Бүгінге ешқандай өзгеріс жоқ, қадағалап отырмыз. Тиісті аппеляциялық шағым түскен кезде ол жайында білесіздер. Сот үкіміне сәйкес, сот орындаушылары оның мүлкін аукционға шығарып сатады. Сол қаражат есебінен зардап шегушілердің шығыны өтеледі», деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, Қайрат Перизат қор есепшотына түскен қаражатты өзі ғана игерген. Қор қаражатын талан-таражға салған басқа тұлғалар анықталған жоқ.
Айта кетейік, шілде айында Астана соты Перизат Қайратқа 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Ал анасы Ғайни Алашбаева 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.