Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары негізгі үлесті алып отыр.
Қараша айында жылдық инфляция төмендеп 12,4% деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қараша айында жылдық инфляция төмендеп, 12,4% деңгейінде қалыптасты. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары негізгі үлесті алып отыр. Олардың жылдық өсімі 13,4% болды. Бұл жекелеген азық-түлік түрлерінің әлемдік бағасының жоғары болуы және ішкі өндірістегі шығындардың ұлғаюымен байланысты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы қарашада 11,2%, ақылы қызметтер инфляциясы – 12,3% 1 деңгейінде қалыптасты", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, қазан-қарашада айларында жылдық инфляцияның баяулауына Үкіметтің әкімшілік шаралары аясында тұрғын үй коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуі әсер етті. Сонымен қатар, тарифтерді көтеру мен жанар-жағар май нарығын ырықтандыру инфляция мен инфляциялық күтулерге жанама ықпалын тигізіп отыр.
"Жоғары баға қысымының сақталуы тұрақты ішкі сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулерге байланысты. Қарашада айлық инфляция 0,8% болды бұл тарихи орташа мәндерден төмен. 2025 жылғы 10 қазанда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 18%-ке дейін көтерді. Бұл шешім макроэкономикалық теңгерімді қалпына келтіруге және инфляцияның бақылаудан шығуына жол бермеуге бағытталды. 28 қарашада мөлшерлеме осы деңгейде сақталды", – деді ҰБ төрағасы.