Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бюджеттен қаржы алатын бағдарламалардағы қаржылық тәртіпті күшейту туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бюджет қаражатын уақтылы игеру мәселесі бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаржылық тәртіпті күшейтулері керек. Барлық жоспарланған бюджет қаражаты қатаң түрде бекітілген бағыттар бойынша бөлініп, игерілуге тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне өз міндеттемелерінің орындалуына талдау жасап, бюджет қаражаты үнемделген жағдайда, оларды неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттауды тапсырамын, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Айтуынша, әкімдіктер бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге пайдалануға мүмкіндік бар.

Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобалардың қымбаттауына жол бермей, оларды шарттық сомалары шегінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс. Министрліктер мен әкімдіктер жылдық қаржыландырумен қамтамасыз етілмеген құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша сатып алу рәсімдерін жариялауға жол бермеуі керек. Қаржы министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, мемлекеттік бюджет кірістері бойынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар биыл жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық ресурстарды жұмылдыру қажеттігін баса айтты.