Сенат төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Италияның сарапшылар қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда жүріп жатқан реформалар туралы айтып берді. Сапар аясында ол Егеменді Мальта Орденінің Ұлы Магистрі Фра Джон Тимоти Данлаппен және Ұлы Канцлері Риккардо ди Монтекупомен кездесті.

Басқосуда тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылап, көпжақты байланыстарды кеңейту перспективаларын белгіледі. Алдағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты пікір алмасты. Кездесу нәтижесінде Қазақстандағы Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Мальта Ордені арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев конфессияаралық және мәдениетаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге үнемі баса мән береді. Биыл қыркүйек айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтті. Оған алғаш рет Егеменді Мальта Орденінің өкілдері қатысты. Осы ретте «Турин кебіні» көрмесін ұйымдастырғаны үшін Орденге алғысымызды білдіреміз. Бұл бастама съезд бағдарламасымен үндесіп, қатысушылардың айтарлықтай қызығушылығын тудырды. Көптеген жаһандық мәселеге қатысты біздің ұстанымдарымыз ұқсас. Гуманитарлық, мәдени және әлеуметтік салаларда байланысты арттыру үшін әлеуетіміз де зор. Алдағы уақытта осы және басқа да бағыттарда ынтымақтастықты нығайтып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асырамыз деп үміттенемін.