Батыс Қазақстан облысында 1-14 желтоқсан аралығында өтіп жатқан «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде 2 мыңнан аса ереже бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Желтоқсанның 12-сі күні таңғы сағат 04:00 шамасында Бөрлі ауданы патрульдік полиция взводының қызметкерлері Бөрлі-Ақсай автожолында Chevrolet Niva автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында 43 жастағы Ақсай қаласының тұрғыны көлікті мас күйінде айдап келе жатқаны белгілі болған. Тексере келгенде, ол бұдан бұрын да мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Қазір жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
1-14 желтоқсан аралығында Батыс Қазақстан облысында өтіп жатқан «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру.
Шараның алғашқы 10 күнінде полиция қызметкерлері 2 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактілерін тіркепті. Олардың ішінде 33 жүргізуші көлікті мас күйінде айдаған, 15 көлік жолдың қарсы жолағына шыққан, 52 жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік басқарған, ал 40 көлік рұқсатсыз қайта жабдықталған.
Батыс Қазақстан облысы