Электрлісамокат бүгінде жаһандық деңгейде кеңінен таралған жеке көлік құралына айналды. Қолдануға ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыдан тиімді техниканың бұл түрін басқаруға қатысты талаптар да әр елде әртүрлі. Мәселен, Ұлыбританияда самокатпен жүру үшін міндетті түрде жүргізуші куәлігі қажет.

Ал жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда айыппұл салынады. АҚШ-та электросамокатты пайдалану шарттары әр штат пен қала заңнамасына сай белгіленеді. Кейбір өңірлерде жылдамдыққа шектеу қойылса, енді бірінде тротуармен жүруге тыйым салынған. Әлем елдерінде электрлі самокат қозғалысы қалай реттеледі?

Электрлі самокатты пайдалану әлемнің көптеген елінде заңмен реттеледі. Әр мемлекет қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында нақты шектеулер мен талаптар енгізген. Мәселен, АҚШ-та самокатпен жүру ережелері әр штаттың заңдарына сәйкес бекітілген. Ең қатаң талаптар Калифорния штатында қолданылады. Онда тротуармен жүруге толық тыйым салынған. Ал жол бойымен жүргенде жылдамдық сағатына 24 шақырымнан аспауы тиіс. Самокат жүргізу үшін міндетті түрде жүргізуші куәлігі қажет.

Ұлыбританияда әрбір электрлі самокатқа мемлекеттік тіркеу нөмірі беріледі. Оны тек жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Құжаты жоқ тұлғалар 100 стерлинг фунты, яғни шамамен 72 000 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Ал самокат жүргізу кезінде ұялы телефон қолданғандар үшін айыппұл мөлшері екі есеге артады.

Германияда электрлі самокатты басқаруға 14 жастан бастап рұқсат етіледі. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, ең жоғары жылдамдық сағатына 20 шақырымнан аспауы тиіс. Самокат жүргізушілері негізінен велосипед жолақтарымен жүреді. Егер ондай жолақ болмаса, көлік жолын пайдалануға рұқсат етіледі. Алайда, тротуармен немесе жаяу жүргіншілерге арналған аймақтармен жүруге қатаң тыйым салынған.

Франция астанасында 2023 жылы өткен референдум нәтижесінде жалдамалы электрлі самокаттарды пайдалануға толықтай тыйым салынды. Бұл бастаманы дауыс берген тұрғындардың 90 пайызы қолдаған. Қала халқы самокаттардың жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіретінін және жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әсер ететінін айтқан. Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылы электрлі самокаттардың қатысуымен болған жол апаттарынан 456 адам зардап шеккен.