Осы аптада Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында ҚазТАГ ХАА (халықаралық ақпарат агенттігі) төңірегіндегі жағдайларға қатысты мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, қоғамдық кеңістікте көтерілген сұрақтар заңның қатаң сақталуын талап етеді.
«Біз үшін елде сөз бостандығының қамтамасыз етілуі және ақпарат таратушылардың барлығы заң аясында жұмыс істеуі өте маңызды. Кәсіби журналистика – ең алдымен адалдық, объективтілік және тексерілген ақпарат», – деп жазды Аида Балаева.
Министр мұндай жағдайлар медиа қауымдастығының ішінде әрқашан алаңдаушылық туғызатынын атап өтті, өйткені олар сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет мәселелеріне тікелей қатысты. «Кәсіби БАҚ заңды бұзбаған жағдайда ғана біз олардың құқықтарын тиімді қорғай аламыз. Ал тараптар арасындағы қатынастар құқықтық деңгейге өткен кезде мемлекеттік органның араласуы сотқа қысым ретінде қабылдануы мүмкін», – деді Балаева.
Ол сондай-ақ бейтараптық пен барлық процессуалдық нормалардың сақталуының маңызын атап өтті: «Тиісті органдар журналистерге қатысты істердің материалдарын заңнама талаптарын толық сақтай отырып, объективті және жан-жақты қарайтынына сенімдімін».
Қазір медиа қауымдастығының назары ҚазТАГ ХАА-не қатысты іс пен Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенованың 2025 жылғы 2 желтоқсанда үй қамаққа алынуына бағытталып отыр. Бұл екі жағдай да сөз бостандығының шекаралары, журналистік әдістердің рұқсат етілуі және кез келген дауды тек құқықтық алаңда шешудің қажеттілігі туралы пікірталасты қайта күшейтті.
ҚазТАГ және Orda.kz істерінің мәні
9 желтоқсанда ҚазТАГ агенттігінің бас директоры Асет Матаев пен бас редактор Амир Касенов ҚР ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі – «көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша күдікті ретінде Алматы қалалық Полиция департаментіне жауап алуға шақырылды. Бұған “Фридом Финанс” компаниясының арызы себеп болды. Компания өкілдерінің айтуынша, агенттік жариялаған материалдарда фактілердің бұрмалануы байқалған. Компанияның қорғаушысы Александр Камендровскийдің “Фридом Финанс” тергеуге ҚазТАГ бірнеше ай бойы жүргізген кампаниясында таратылған мәлімдемелерді тікелей жоққа шығаратын құжаттар ұсынғанын мәлімдеді.
Қақтығыс көктемде басталған болатын: 2025 жылдың сәуірінде КазТАГ «алдаған салымшылар» туралы сериялы материал жариялады. Бұған жауап ретінде, агенттік жарияланымдарынан кейін көп ұзамай “Фридом Финанс” ресми терістеу таратты. Онда агенттік материалдары манипулятивті және компанияның «соттан тыс реттеуге» қатысудан бас тартуына байланысты жүргізілген «ұйымдасқан PR-шабуылының» бір бөлігі деп бағаланды. Кейін компанияның заңгерлері бірнеше рет атап өткендей, жала тарату медиа риторикасының бір бөлігі емес, қылмыстық жаза қолданылуы тиіс құқық бұзушылық ретінде қаралуы қажет.
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турлов: «ҚазТАГ күніне 12 материалға дейін шығарып, бейтараптықты мүлде көздемеген» деп мәлімдеп, жарияланымдар классикалық жала және фактілермен манипуляция болғанын айтты. Ол сондай-ақ: «Адамдарда бағалау пікір білдіру құқығы бар, бірақ шындыққа мүлдем сәйкес келмейтін фактілерді айтуға ешкімнің құқығы жоқ» деп атап өтті.
Турлов 2019 жылдан бері анонимді компроматтық каналдарда компания туралы манипуляциялық жарияланымдар байқалып келе жатқанын да қосып, «Кез келген агрессияға агрессиямен жауап берсең, орта тек деградацияға ұшырайды» деп, заңды тәсілдерді ғана қолдану қажеттігін айтты.
Өз кезегінде ҚазТАГ өкілдері тағылған айыптарды негізсіз деп санайды. Қорғаушы Рена Керимова ҚазТАГ басшысы Асет Матаевты сырттай күдікті деп тануды «қорғану құқығын бұзу» деп бағалады. Оның сөзінше, агенттік жариялаған YouTube-тағы видео адвокаттың қылмыстық іс бойынша түсіндірмесі ғана болған және «онда көрінеу жалған ақпарат болмаған». Сонымен қатар, ҚазТАГ бас редакторы Амир Касенов Facebook парақшасында сын айтқан блогерлер мен журналистерге: «біз бәрін тіркеп, заң жүзінде бекітіп жатырмыз, ал жармасушылармен кейін айналысамыз» деп жазды.
Осыған параллель тағы бір резонанстық іс өрбуде: 1 желтоқсанда Алматы және Астана қалаларындағы Orda.kz редакциясында тінту жүргізіліп, техника тәркіленді, журналистер ұсталды. 2 желтоқсанда тергеу соты бас редактор Гүлнар Бажкенованы екі айға үй қамаққа жіберді. Ол да ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша күдікке ілінген.
Екі жағдайдағы басты сұрақ өзгермейді: сын мен жала арасындағы, журналистік зерттеу мен заң бұзушылық арасындағы шекара қай жерде аяқталады?
Неге сөз бостандығы туралы даулар тек заң аясында шешілуі тиіс
Orda.kz пен ҚазТАГ төңірегіндегі жағдайлар заңды шешімін таппай, ұзаққа созылған даудың ашық ақпараттық кеңістікке шығуы қандай салдарға әкелетінін айқын көрсетіп отыр. “Фридом Финанс” өкілдері айтқан «ақпараттық соғыстар» нарықты тұрақсыздандырады, медиаға деген сенімді төмендетеді және қоғамдағы шиеленісті күшейтеді. Жарияланымдар арқылы шабуыл жасау, деректерді манипуляциялау, эмоциялық қысым көрсету – мұның бәрі қателіктерге, беделдің жоғалуына және кейінгі құқықтық салдарға жол ашады.
Сондықтан Аида Балаеваның мәлімдемесі басты қағиданы қайта еске салды: «сөз бостандығы» туралы талқы қажет, бірақ ол тек заңға сүйене отырып жүргізілуі тиіс. Сөз бостандығы – абсолютті ұғым емес; ол әрқашан фактілерді тексеру міндетімен қатар жүреді. Мемлекет журналистерді қорғай алады, бірақ тек БАҚ өз тарапынан ақпаратты бұрмалауға жол бермейтін кәсіби нормаларды сақтаған жағдайда ғана.
Қазіргі кезеңде Қазақстан медианарығы үшін ең маңыздысы ашықтық, құқықтық айқындық және соттың орнын медиакампаниялардың иеленіп алмауы. Себебі эмоцияға емес, фактілерге негізделген сот шешімі ғана мұндай дауларға нүкте қоя алады және кәсіби ортаға деген сенімді сақтап қалады.
Ақпараттық соғыстар тақырыбы Қазақстан медиасаласына жаңа емес. 2022 жылы ғана қоғам қайраткері, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ғалым Мұкашев Президенттің жаңа Жолдауын талқылай отырып, онда БАҚ рөліне ерекше мән берілгенін атап өтті. Ол журналистер ел мен азаматтардың тағдырына шынайы алаңдауы керек екенін айтты. Мұкашевтың пікірінше, «дәстүрлі БАҚ және интернет-ресурстарының журналистері ең алдымен берік адами ұстанымға ие болуы тиіс, себебі біз тірі адамдардың тағдырына ықпал етеміз. Ең жиіркеніштісі – біреудің тапсырысын орындау. Масс-медиа біздің азаматтар үшін – «төртінші билік» екенін ұмытпау керек».