Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасын айырбастау ережелеріне өзгерістер енгізді.


Қаулы 2 желтоқсанда қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жаңа ережеге сәйкес, 500 мың теңге және одан жоғары сомаға айырбастау кезінде жеке куәлік деректерін, ЖСН және заңды мекенжайды ұсыну қажет болады. Дәл осындай талаптар енді алтынмен жасалатын операцияларға да қолданылады.

Айырбастау пункттері арқылы жасалатын 500 мың теңге және одан жоғары сомадағы операцияларға қойылатын талаптардың бірі – деректерді тізілім журналына тіркеу.

"Айырбастау операцияларын жүргізу бағамы бойынша 500 000 (бес жүз мың) теңге баламасынан аспайтын сомада айырбастау пункттері (оның ішінде автоматтандырылған айырбастау пункттері) арқылы жүргізілген айырбастау операциялары бойынша тізілімдер журналында клиенттің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған жағдайда) (аты және әкесінің аты толық көрсетіледі) және жеке сәйкестендіру нөмірі (бар болса) тіркеледі", – делінген құжатта.

Сонымен қатар, тура осындай талаптар енді 500 мың теңгеден асатын сомадағы құйма алтынмен жасалатын операцияларға да қойылады.

Айырбастау операциялары бойынша қызметті реттеу үшін уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар ұсынатын есептерді түзету мерзімдері 6 айдан 1 айға дейін қысқартылып отыр.