Ақмола облысында барлық деңгейдегі әкімдер форумы өтті. Алқалы жиында атқарылған жұмыстар сараланып, болашаққа жоспар құрылды. Шараға 300-ге жуық аудан және ауылдық округ әкімі қатысты. Форумда алқаптарды цифрландыру, ауылдарға инвестиция тарту және кадрлық әлеуетті нығайту сияқты бірқатар мәселе талқыланды.
Жыл басынан бері өңір экономикасына 750 млрд.теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге көп. Ауқымды жобалар шалғай орналасқан ауылдар да жүзеге асқан.
Марат Әубәкіров, Торғай ауылының әкімі:
- Екі үлкен инвест жобамыз бар. Ол – қалмақ тұқымды мал шаруашылығы. 2030 жылға дейін 30 мың қара малға дейін жетеді. Екіншісі – қой шаруашылығы.
Бұдан бөлек, көптеген елді мекенде жарық, жол, ауызсу мәселелері шешімін тапқан.
Диана Боранбаева, Ешім ауылдық округінің әкімі:
- Біздің округ күні бүгінге 100 пайыз таза ауызсумен қамтылған. Оның ішінде Ешім ауылында орталықтандырылған ауызсу жүргізілді, Қазақстан және Монастырка ауылдарында су тазартқыш блок-модульдер орнаталды.
Аймақта 2021 жылдан бері жергілікті халық 246 ауыл әкімін сайлау арқылы таңдады. Оның алтауы – аудан басшысы. Қазір барлық деңгейдегі әкімдерге үлкен талап қойылып отыр.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Сондықтан ол тек жиналып отыратын отырыс емес, ол нақты шешімдерді жобалап, сол шешімдердің халыққа қандай пайдасы тиетінін көрсетіп, енді халыққа пайда әкелетін кіріс болу керек. Жұмыс орны болу керек. Сондықтан бүгін нақты жоспарларды әкеліп, нақты өлшемдерді белгілеп отырмыз. Біз бұл оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.
Сонымен қатар форум қатысушыларымен түрлі тренингтер де өткізілді. Онда сала мамандары өзара тәжірибе алмасты. Шара соңында үздік атанған ауыл басшылары түрлі марапатқа ие болды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный