Елде ішкі мемлекеттік аудит нәтижесінде 189 миллиард теңгеге жуықтайтын 650 мың күмәнді төлемдер анықталды. Саладағы олқылықтарды анықтауда цифрландырылған онлайн-бюджеттік мониторингтің үлесі зор.

Мамандардың сөзінше, жасанды интеллект негізіндегі сандық жүйе – мемлекеттік аудит жұмысын жеделдетіп отыр. Онлайн-бюджеттік мониторинг білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт секілді 6 мың мемлекеттік мекеменің тиісті төлемдерін тәулік бойы бақылауда ұстайды. Цифрлық көмекші іске қосылғалы бері қаражатты жымқыру, иемдену және талан-таражға салу баптары бойынша бес лауазымды тұлғаның ісі анықталып, олар жауапкершілікке тартылған.

Олжас Нукаев, ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басқарма басшысы:

- Бұл сандық жүйе тәуекел төлемдер анықталғаннан кейін бірден хабарлама жібереді. Яғни мониторингтің басшылары күмәнді операциялардың жүргізіліп, белгілі бір тәуекелдердің пайда болғанынан хабардар болады. Ал осы түсініксіз төлемдерді жүргізгендер 10 күн ішінде түсініктеме беріп немесе тиісті түбіртектерді ұсынуы қажет. Егер талаптар орындалмаса, онда аудиторлық іс-шара тағайындаймыз.