Шерзат Болаттың ата-анасының адвокаты Мейірман Шекеев сотта куәгер ретінде жауап алынған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні жауапкершілікке тарту туралы жеке қаулы шығаруды сұрады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Адвокаттың айтуынша, бұл екі қыз Шерзат Болат қайтыс болған күні айыпталушылардың қасында жүрген және оқиға орнынан солармен бірге кеткен. Шекеев Эльмира Нұрбекованың тергеу кезінде және сотта берген түсініктемелерінде қарама-қайшылықтар бар екенін атап өтті.

Қорғау құқығына ие куәгер Эльмира Нұрбекова тергеу кезінде айыпталушыларға қарсы айғақтар берген. Атап айтқанда, Абзалдың (Шынасыл – ред.) жәбірленуші жасөспірімге пышақ сұққанын көргенін айтқан. Алайда сот барысында ол бұл сөзінен бас тартып, пышақ салу сәтін көрмегенін айтты. Сондай-ақ қазақ тілін нашар меңгергенін, полиция тарапынан қысым болғанын мәлімдеген. Алайда сотта оның қазақ тілін еркін меңгеретіні анықталды, – деді Шекеев.

Оның айтуынша, оқиғадан кейін көлік ішінде Нұрбекова әзілдесіп, күліп отырған, сондай-ақ оқиғаны талқылауға қатысқан. Бұл жайттар автокөліктің бейнетіркеу құрылғысындағы жазбалар мен айыпталушы Ильясовтың көрсетулерімен расталған.

Куәгер Нұрбекованың әрекетінен ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы – көрінеу жалған айғақ беру, және 434-бабы – қылмыс туралы хабарламау белгілері байқалады, – деп толықтырды адвокат.

Екінші қыз – Дана Жақсыгелдіге қатысты да Шекеев Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша жеке қаулы шығаруды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, тергеу барысында бұл екі қызға қатысты процессуалдық шешімдер қабылданбаған, олар тек куәгер ретінде сұралған.

Судья Ержан Жанұзақов бұл мәселені кейінірек қарастыратынын айтып, шешімді кеңесу бөлмесінде қабылдайтынын жеткізді.