Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот отырысында марқұмның күйеуі Айбар Жанболат жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол жұбайын ұрғанын мойындағанымен, бас сүйегі мен қабырғасының сынуына өзінің қатысы жоқ екенін айтып, оқиғаны кездейсоқ жағдай деп сипаттады.
Сот барысында Айбар Жанболат марқұмның ата-анасынан кешірім сұрап, әйелін қасақана өлтіру ниеті болмағанын жеткізді.
«Бұл жағдай өзімнің санасыздығымнан, түсінбестік салдарынан болды. Асыл жарымды жақсы көрдім. Оны әдейі өлтіремін деген ойым болған жоқ. 22-сіне қараған түн мен үшін өте ауыр өтті», – деді ол.
Айтуынша, жанжал мамыр айының соңында басталған. Ауылда байланыс нашар болғандықтан, отбасы телефонды көбіне терезе маңына қойып пайдаланған. Бір күні марқұмға белгісіз адамнан хабарлама келгенін байқаған Айбар күдіктеніп, әйелінің кіммен сөйлесіп жүргенін білгісі келген.
«Телефоныңды берші, кіммен сөйлесіп жүрсің дедім. Ол “маған сенбейсіз бе?” деді. Сол кезде екеуіміз де ашуға беріліп, телефондарымызды сындырып тастадық. Біраз уақыт байланыссыз жүрдік», – деді ол.
Кейінірек әйелінің басқа адамның телефоны арқылы сөйлескенін көргенін айтқан күдікті оқиға күні ашуланып, үйдегі тамақты төгіп тастағанын жеткізді.
Айбар Жанболат сотта әйелін бірнеше рет ұрғанын мойындап, ашу үстінде көрші ауылға мотоциклмен кетіп, сыра ішкенін айтты. Кейін татуласу үшін үйге оралған.
«Үйге келгенде балам ұйықтап жатты. Әйеліммен төменгі қабатта отырып сыра іштік. Біраз уақыттан кейін ол көзімнен ғайып болды. Іздеп жүріп, үйдің шет жағында жантайып жатқанын көрдім. “Тұрмайсың ба?” десем, басым ауырып тұр деді», – деді ол.
Күдіктінің айтуынша, кейінгі жанжал кезінде әйелін тағы да ұрып, баспалдақтан бірнеше рет құлатып алған. Әйелінің жағдайы күрт нашарлаған соң оны ауруханаға жеткізуге тырысқанын жеткізді.
«Өңі бозарып, “басым қатты ауырып тұр” деп жантайып жатты. Көршімнің көмегімен ауруханаға апармақ болдық. Жолда көліктің дөңгелегі жарылып, уақыт жоғалттық. Аурухана жабық болды. Кейін Талдықорғанға жеткенімізбен, марқұмды аман алып қала алмадық. Жазадан қашпаймын», – деді Айбар Жанболат.