Жаңа талап күзет қызметі ұйымдарына да қатысты.


Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заң жобасын күзет қызметі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін жетілдіру және қару иелері мен күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының тобы әзірледі. Заң жобасында күзет қызметі субъектілерінің құқықтары мен қару айналымы және Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын қалыптастыру саласындағы заңнаманың талаптары нақтыланады, сондай-ақ азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруын бақылау мақсатында атысты уақтылы жүргізу жөніндегі міндеттеме енгізіледі", – деді депутат Магеррам Магеррамов.

Құжатқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары бастамашы болды.

Заңға сәйкес азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы атыс қаруы иелері қаруын тексеру атысы үшін тапсыруға тиіс. Бұл процедура уақтылы орындалмаған жағдайда, Ішкі істер министрлігі бірінші және екінші санаттағы рұқсаттардың күшін тоқтата тұрады.

Қару ұстайтын заңды тұлғалар өз қызметін тоқтатқаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде қару мен оның патрондарын ішкі істер органдарына сақтауға тапсыруға міндетті болады.

Заңда сонымен қатар күзет қызметін ұсынушылар үшін жаңа міндеттемелер белгіленеді. Олар уәкілетті органға міндетті түрде есеп беруі, қызметті тоқтата тұру немесе қайта бастау туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға тиіс болады. Жеке күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерінің басшыларына, сондай-ақ қарапайым күзет қызметкерлеріне міндетті талаптар енгізіледі.

Құжатқа "Әскерилендірілген теміржол күзеті" тұжырымдамасы енеді. Бұл – акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке немесе Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі құрылым. Оның міндеті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен заттарды үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету.

Түзетулерде құқық қорғау органдарының қарауындағы қару негізінде Мемлекеттік оқ-гильза қоймасын құруға мемлекеттік бақылау талаптары нақтыланады.