UEFA Жастар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы турда «Қайрат U19» командасы өз алаңында гректің «Олимпиакосын» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир тарихындағы тұңғыш жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.


Айта кетейік, 2015 жылғы маусымда «Астана» жастар командасы барлық алты кездесуде жеңіліс тапқан еді.

Матчтың төртінші минутында шабуылшы Рамазан Бағдат есеп ашты – 1:0. Ерте соғылған гол гректерді ойын өрнегін өзгертуге мәжбүр етті, бірақ алматылықтар қорғаныста сауатты, ал қарсы шабуылда өткір ойнады.

Екінші таймда «Қайрат» тағы бір мүмкіндікті кәдеге жаратты. 57-минутта Мұхамедәлі Әбіш қарсыластың қателігін пайдаланып, есепті еселеді – 2:0.

Кездесуде ел футболындағы ең танымал жас қақпашы саналатын Шерхан Қалмұрза «Қайраттың» қақпасын қорғады.

Нәтижесінде алматылық команда 4 ұпай жинап, жалпы рейтингте 28-орынға көтерілді. Ал 7 ұпайы бар «Олимпиакос» 20-орында тұр.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін «Қайрат» пен «Олимпиакостың» негізгі құрамы кездеседі. Ойын сағат 20:20-да басталып, тікелей эфирде «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.