Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек 7 желтоқсанда АҚШ-тың Сан-Антонио қаласында өтеді.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды. Бұл кездесуде орта салмақтағы әлем чемпионының үш белдеуі тігеледі. Әлімханұлы WBO және IBF нұсқалары бойынша чемпион белбеулерінің иегері, ал Лараға WBA тұжырымының титулы тиесілі. Осы ретте “Бірінші бол” YouTube арнасының сарапшылары отандасымыздың алдағы маңызды жекпе-жегіне жарнама мен насихаттың дұрыс жүрмей жатқанын айтты. “Жәнібек пен Лараның жекпе-жегінің насихаты өте төмен. Министрлік тарапынан белсенділікті байқап жатқан жоқпыз. Астанада өткен жекпе-жекте де жарнама өте төмен болды. Былай қарасаң, кездесуге санаулы күн қалды. Бірақ ақпарат құралдары тып тыныш”, — дейді журналист Аслан Қаженов. Ал спорт сарапшысы Исатай Мади бұл үрдісті “кәсіпқой бокстың құлдырауымен” тікелей байланысты екенін айтты. ”Бұл — кәсіпқой бокстың құлдырауымен де байланысты деп ойлаймын. Әуесқой бокстың да оңып тұрғаны шамалы. Головкин жұдырықтасқан кезде бокстың шарықтау шағына жақындау кезеңі болды. Оған қоса, ол кезде Майвезер, Конелло секілді жұлдыздар болды. Әсіресе, Конелломен жекпе-жектер кезінде бүкіл Қазақстанды оятты. Қазір Жәнібек дәл солмаққа келді. Бірақ, ол кішкене дағдарыс кезіне тап болды. Шыны керек, оның салмағында жұлдызды ешкім жоқ”, — дейді ол. Спорт комментаторы Олжас Байбосынның пікірінше, кәсіпқой бокста қандай жағдай болса да бұл жекпе жектің идеологиялық тұрғыда маңызы зор. ”Жәнібек — үш белбеуге төбелесейін деп жатқан бірінші қазақ боксшысы. Геннадий Головкиннан кейін екінші қазақстандық. Кезінде Геннадий Головкиннің жекпе-жектері алдында ірі компаниялардың жарнамаларында жүретін еді. Ал Жәнібекке келгенде ондай жоқ. Кішкене көңілге тиетін секілді. Титулдың аты титул ғой. Тарихта абсалют чемпион болған бірінші қазақстандық боксшы ретінде тарихта қалатын мүмкіндік бар. Бұдан кейін мұндай мүмкіндік алдағы 10 жылда ешкімде болмауы да мүмкін. Халық үшін идеологиялыө тұрғыдан маңызды нәрсе еді ғой. Кезінде Головкин бүкіл қазақты таңертең оятып, біріктіріп, мерекелік көңіл-күй, рух сыйлайтын еді ғой. Жәнібекті де мемлекет солай пайдалануға болатын еді ғой”, — дейді ол. Айта кетейік, 42 жастағы Эрисланди Лара бір жыл бұрын Дэнни Гарсияны мерзімінен бұрын жеңген еді. Содан бері рингке шыққан жоқ. Ал Жәнібек өз кезегінде қатарынан төрт жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жетіп келеді.