Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов маңызды жекпе-жек алдында допинг тесттен оң нәтиже көрсеткен Жәнібек Әлімханұлы туралы өз ойымен бөлісті.


Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Спортшы “Таңшолпан” бағдарламасына берген сұхбатында Жәнібек Әлімханұлының допинг қолдануы мүмкін емес екенін айтты.

”Бәріміз осы кездесуді асыға күттік. Болжам жасадық. Қарсыласы Эрисланди Лара өте мықты боксшы. Әуесқой бокста жүрген кезде талай рет Қазақстан құрама командасының мүшелерімен кездескен. Бақыт Сәрсекбаевпен кездескен атақты, тәжірибе боксшы. Тартысты, қызық кездесу болады деп жүр едік. Бірақ осындай хабар тарап жатыр. Қазақ елі нокдаун алып қалды. Сонша жыл күттік. Жәнібек Әлімханұлының командасы да кездесуді ұйымдастыру үшін қанша уақыт келіссөздер жүргізді. Қанша дайындалды, еңбектенді. Алдағы уақытта осы кездесу міндетті түрде болады деген сенімде болайық. Мүмкін, тағы да бір тексерістің нәтижесінде бәрі дұрыс болып кетер. Жәнібек қанша жыл кәсіби бокста жүр. Жақсы ойын көрсету үшін әдейі допинг қолдану қолынан келмейді, ондайға бармайды да. Бұған дейін екінші сынама дұрыс шығып, өтіп кеткен боксшылар болған. Сондықтан тағы бір сынаманың нәтижесін күтейік”, — дейді ол.

Ардагер боксшы спортшылардың құқығын қорғайтын ұйым құрудың маңыздылығын да атап өтті.

”VADA — үлкен ұйым. Талай спортшылардың медальдарын, жетістігін жоққа шығарып, олардың допинг қолданғаны туралы ақпараттың жиі тарап жүргенін бәріміз білеміз. Жақында ғана VADA қазақтың мықты ауыр атлеті, екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннің де жетістіктерін жоққа шығарды. VADA әлемде бір ғана ұйым. Оның шешімі талқыға келмейді. Меніңше, сынамаларды салыстыратын VADA сияқты тағы да бір ұйым болу керек. Спортшылардың құқығын қорғайтын ұйым керек. Осындай жағдайда ішің күйеді”, — дейді ол.