Бұған дейін депутаттар осы мәселені көтерген еді.
Құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметін қалпына келтіру мәселесі қазіргі уақытта қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің сенаторлардың сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысының айтуынша, бұрын кеден органдарының құзыретіне кірген құқық қорғау функцияларын қазір Қаржылық мониторинг агенттігі іске асырады.
"Бүгінгі таңда Үкімет кеден жүйесінің ашықтығын арттыруға, цифрландыруға және кәсібилендіруге, бюджеттің толығып тұруын қамтамасыз етуге және мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі саясат жүргізуде. Құқық қорғау мәртебесі бар дербес Кеден қызметін қалпына келтіру мәселесі қазіргі уақытта басымдық ретінде қарастырылмайды, өйткені мемлекеттік кірістер органдарының қазіргі құрылымы экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бақылау және халықаралық өзара іс-қимыл жөніндегі міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет процестерді одан әрі жетілдіруге, кадрлық әлеуетті нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кедендік әкімшілендіру саласындағы реформаларды іске асыруды жалғастырады", – делінген жауапта.
Бұған дейін Сенат депутаттары дербес құқық қорғаушылық мәртебесі бар Кеден органын қайта құруды ұсынған болатын.