Әлемде жылдам дайындалатын жеңіл тамақ тұтыну үрдісі дағдыға айналып келеді, деп хабарлайды 24kz.
World Population Review келтірген дерекке сүйенсек, осыдан 3 жыл бұрын жер шарында фаст-фуд нарығы 731 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. «Өсім артқан үстіне арта береді», — дейді сарапшылар.
Сорақысы сол, бұл үрдіс 2031 жылға дейін жалғасады деген болжам бар. Өзін зиянды тағаммен алдайтын халықтың көшін америкалықтар бастап тұр. АҚШ жұрты орташа есеппен аптасына 2-3 рет фаст-фуд тұтынады екен. Мұндай әдетке тағы біраз ел дағдыланып алған.
Сонымен, әлем дабыл қағып отырған жеңіл тағамнан келер қауіп қандай? Жер шары халқы неге жылдам дайындалатын өнімге әуес болып кетті?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазір әлемде «ультраөңделген өнім» деген ұғым пайда болды. Біз күнделікті тұтынып жүрген хот-дог, пицца, фридің бізге ғана емес, келешек ұрпағымызға қауіп төндіріп тұрғанын біле бермейміз.
Әлем халқы кейінгі жылдары дұрыс тамақтану мәдениетіне бей-жай қарап жүр. Өйткені көп адамның рационында ультраөңделген азық-түліктің үлесі артқан. Бұлай деуіме негіз бар. Халықаралық British Medical журналы жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес өңделген тағамды шамадан тыс тұтынудан 10 млн-ға жуық адамның денсаулығы сыр берген. Құрамы өзгертілген өнім тұтынушыларда алдымен, ұйқысыздық, мазасыздық туғызып, мұның соңы семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеп соққан.
Крис Ван Туллекен, Лондон университеттік колледжінің иммунологы:
- Ультраөңделген өнімді шамадан тыс тұтынудан болатын алғашқы белгілердің бірі – салмақ қосу. Мұндай тағамның құрамында қант, тұз, трансмайлар көп болады. Сондай-ақ өңделген өнімнің сыртқы пішіні алыстан менмұндалап тұрады. Дәмі мен құрамы да оны артық жеуге итермелейді.
Әлемде миллиардтан астам адам семіздіктен зардап шегіп жүр. Өйткені жер шарының әрбір сегізінші тұрғыны сақтау мерзімі тым ұзақ әрі құрамы пайдасынан зияны көп химиялық қоспамен байытылған ультраөнімді жиі тұтынады. Бұл тізімді АҚШ бастап тұр. Америкалықтар күнделікті тұтынатын тағамның 58%-і осы ультраөңделген өнімнің үлесінде. Ұлыбритания халқы да өңделген азық-түлікті сүйіп жейді. Азия аймағында Жапония, Оңтүстік Корея, Латын Америкасында Бразилия, Чили халқы күнделікті рационында 20-30% осындай өнім тұтынады.
Ультраөңделген өнімді көп тұтынатын елдер:
1. АҚШ – 58%
2. Ұлыбритания – 57%
3. Австралия – 40%
4. Оңтүстік Африка – 39%
5. Мексика – 30%
6. Жапония – 28%
7. Чили – 28%
8. Бразилия – 22%
9. Оңтүстік Корея – 21%
10. Индонезия – 18%
***
АҚШ-та балалар мен жүкті әйелдер арасында өңделген өнімге сұраныс жоғары
Америкада ересектен бұрын еңбектеген баланың өзі зиянды тағам тұтынады. Тіпті нәресте анасының жатырында жатып-ақ өңделген тағаммен қоректенеді. The Сonversation басылымында жарияланған дерекке сәйкес балалар рационының 70%-і, жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналардың ас мәзірінің 50%-і ультраөңделген тағамнан тұрады. Бұл айналып келгенде, «ауру – астан» екенін айғақтап отыр. Өйткені балалар арасында созылмалы аурудың көбеюіне осы фактор әсер етеді.
Цитата:
The Conversation басылымының зерттеуі:
- Әлемде алғаш рет 1980 жылдары «ультраөңделген өнім» деген ұғым пайда болды. Сондай-ақ мұндай өнімдердің құрамындағы қоспаның созылмалы ауруға себеп болуы мүмкін екені алаңдаушылық туғызды. Сол кезде жүргізілген зерттеулер өңделген тағам тұтынудың семіздік, 2-типтегі қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары көрсеткішінің өсімін көрсетіп отыр. Мұндай өнім тізіміне құрамында көп мөлшерде қоспасы бар жартылай фабрикаттар мен жеңіл тағамдар жатады.
***
Америкалықтар кептеліс кезінде фаст-фудты көп жейді
Жаһан жұртының жеңіл тамаққа әуестігін ғалымдар кептелістің жиілеуімен байланыстырып отыр. Иллинойс университетінің зерттеушілері жол қозғалысының баяулауынан тұрғындардың жеңіл тамақтану орындарына жиі бас сұғатынын анықтады. Жолдағы бөгеліс бұқараның мұндай жерлерге әдеттегіден 1%-ке көбірек баруына итермелейді екен. Әсіресе, кешкі уақытта тұрғындар жолай дүкенге соғып, фаст-фуд өнімдерді сатып алады.
***
Исландияда жеңіл мәзірге сұраныс артқан
Исландиялықтар да жылдам дайындалатын тағам тұтынуды әдетке айналдырған. Әсіресе, жаз жақындап, күн жылынғанда фаст-фуд әзірлейтін орындарда кезек көбейеді. Тұтынушылардың дені – балалар. Жергілікті ет өндірушілердің айтуынша, көктем-жаз айларында шұжық өнімдері жақсы саудаланады. Осы күндері құрамына шұжық қосылатын хот-дог сұраныстан түспей тұр.
***
Чили – зиянды өнімді таңбалаған алғашқы ел
Зиянды өнімдерден біртіндеп бас тарту үшін кей елдер кешенді шара қабылдап жатыр. Мысалы, Чили осыдан 9 жыл бұрын әлемде алғаш болып адам ағзасына зиянды өнімдерді таңбалау жөнінде заң қабылдады. Құжат құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді арнайы белгілермен көрсетуді міндеттейді. Сондай-ақ аталған заң 14 жасқа толмаған балаларға мұндай пайдасыз тағамдарды жарнамалауды шектейді. Қазір дүкен сөрелеріндегі ультраөңделген өнімдер арнайы қара сызықпен белгіленеді.
***
Біраз ел фаст-фуд өндірушілерге салық сала бастады
Чилидің бастамасын біраз ел құптап, Ұлыбритания мен Колумбия жеңіл тағам өндірушілеріне қарсы шара қолдана бастады. 2018 жылы Корольдік құрамында қант мөлшері жоғары сусын өндірушілерге салық салса, Колумбия үкіметі осыдан 2 жыл бұрын қантты сусын мен ультраөңделген өнімге 10% мөлшерінде алым енгізді. Ел билігінің айтуынша, бұл бастама халықты салауатты тамақтануға ынталандырып, денсаулық сақтау саласына оң әсер етеді.
Диктор:
- Қазір тек алпауыт елдерде ғана емес, біздің елде де зиянды тағам тұтыну үрдісі қалыптасып келеді. Жұмыс арасында жүріп тіскебасар тұтына салып, тамақтану мәдениетіне бей-жай қарайтындар көбейді. Бұл ұлт саулығына зиянын тигізбей қоймайды. Қалай ойлайсыз, мұндай кешенді шаралар біздің елге де қажет пе?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, Астана, Алматы сияқты ірі қалалардан бөлек, облыс орталықтарында да энергетикалық сусын мен жеңіл тағам сататын дүңгіршектер қаптап кетті. Осыны ескерген біздің Үкімет биылдан бастап 21 жасқа толмаған жастарға құрамында қанты көп энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салды. Әлгі Чилиде қолданылатын жүйе біздің елде де бар. Тамақ өнімдерінің құрамында қант, тұз, май мөлшері туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Бұл талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен бекітілген. Өнімнің құрамында денсаулыққа зиянды заттар болса, олар арнайы белгілермен көрсетіледі. Мұндай өнімдерді жарнамалауға тыйым салу бойынша ұсыныс Парламентте қаралып жатыр.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева