Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен « Астана-2025 » халықаралық форумы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шараға әлемнің 70-тен астам ел өкілдері қатысып жатыр. Форум «Ақыл-ойларды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» тақырыбымен өтуде. Қонақтар қатарында делегация басшылары мен компания жетекшілері, оларды ерткен тұлғалар және шетелдік БАҚ-тың 100-ден астам журналисі бар.
«Баршаңызбен Астана халықаралық форумында жүздескеніме қуаныштымын! Бүгінгі басқосуға шетел үкіметтерінің басшылары, дипломатия, бизнес және академиялық ортадағы достарымыз бен әріптестеріміз қатысып отыр. Мәртебелі меймандарымызға, атап айтқанда, Руанда Президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсеге, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунға, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілеріне, форумның өзге де қатысушыларына шынайы ризашылығымды білдіремін», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік форумда спикер ретінде Руанда Президенті Поль Кагаме мен Жасыл өсім жөніндегі жаһандық институттың төрағасы Пан Ги Мун сөз сөйлейді.