Қаланың бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті.

Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекетік органдар басшыларының, сарапшылар мен урбанистердің қатысуымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Кеңес мүшелері Президенттің Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе беру жөніндегі Жарлығы шеңберінде тиісті институционалдық базаны әзірлеу барысы мен инфрақұрылым салу және инвестициялар тарту жөніндегі шараларды талқылады. Alatau Сity Аuthority жаңа мемлекеттік қорының қызметіндегі мәселелер қаралды.

Премьер-министрге әзірленіп жатқан "Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы" Конституциялық заң жобасына қатысты ұсыныстар айтылды, олардың ішінде өзінің жеке реттеушілік және әкімшілік экожүйесін құру, құқықтық және басқарушылық инновациялар, мемлекеттік сервистердің цифрлық интеграциясы және тағы да басқалар бар.

Одан бөлек, құрылыс, энергетика, экология, көлік және ТКШ салаларында, соның ішінде "ақылды" қала технологиясы шеңберінде де, халықаралық стандарттар мен инновацияларды енгізу ұсынылып отыр. Кепілдіктерді қамтамасыз ету және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шаралар да көзделген.

Маңызды бағыттардың бірі – робототехникалық жүйелерді дамыту және кеңінен пайдалану, сондай-ақ цифрлық активтердің айналымын реттеу.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Алатау қаласының ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Алатау қаласының бюджеті үш есеге өсіп, 8,8 млрд теңгеге жетті. 10 айда өнеркәсіптік өндіріс көлемі 17%-ға артып, 115,6 млрд теңгені құрады. Бұл ретте инвестиция көлемі 13%-ға өсіп, бүгінде шамамен 46,4 млрд теңгеге жетті.

Пул 21 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 41 инвестициялық жобаны қамтиды. Қазіргі уақытта құны 1 трлн теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – PepsiCo, United Hygiene, "Молочная долина", АСП арена, QazQon Hub, АВЗ, Исткомтранс сияқты басқа да ірі компаниялардың логистика, АӨК, тамақ және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жаңа өндіріс орындары.


Оқи отырыңыз:

  • Алатау қаласында 300 млн долларлық әуе такси жүйесі іске қосылады
  • Алатау қаласын тікелей Үкіметке бағындыру. Бұл қалай жүзеге асады