Тиісті түзетулер күшіне енді.

"Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді жеке тұлғаның өтініші бойынша жеке, отбасылық және өзге де пайдалануға жеткілікті 10-нан аспайтын абоненттік нөмір ресімделеді.

"Жеке тұлға 10-нан астам абоненттік нөмір алу үшін өтініште сұратылған абоненттік нөмірлерді пайдаланудың тиісті мақсаттарын көрсетеді, сондай-ақ ұялы байланыс операторымен көзделген ұсынылатын деректердің дұрыстығын растайды. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша ұялы байланыс операторы жеке тұлғаға абоненттік нөмірлерді ресімдейді не себебін көрсете отырып белгіленген мерзімде бас тартады. Бас тарту себептері жойылғаннан кейін жеке тұлға ұялы байланыс операторына өтінішті қайта жібереді", – делінген құжатта.

Түзетулерде алаяқтық, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттердің белгілері бар қоңырау шалу жүзеге асырылған абоненттік нөмірді анықтау тәртібі де белгіленген.

Оған сәйкес, ұялы байланыс операторы ішкі антифрод жүйелерін қолданады. Ұялы байланыс операторлары ақпараттық жүйелерін интеграциялау үшін Ұлттық банктің антифрод-орталығымен келісім жасасады.

"Ұялы байланыс операторы ішкі антифрод-жүйелерінің негізінде, оның ішінде GSM-шлюздер (сим-бокстар) арқылы алаяқтық белгілері бар SMS-хабарламаларды және (немесе) қоңырауларды, сондай-ақ байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттерді дербес анықтайды және абонент туралы тегі, аты, әкесінің атын (бар болса), жеке сәйкестендіру нөмірін және абонентке ресімделген абоненттік нөмірлерді қоса алғанда, ақпаратты (бұдан әрі – ақпарат) бере отырып, Ұлттық Банктің антифрод-орталығын хабардар етеді.

Ұялы байланыс операторына ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесі арқылы абоненттің өтініші келіп түскен кезде, сондай-ақ Ұлттық Банктің антифрод-орталығынан, оның ішінде GSM-шлюздер (сим-бокстар) арқылы алаяқтық белгілері бар қоңыраулар, байланыс желілеріндегі алаяқтық әрекеттер бойынша ақпарат алған кезде 2 жұмыс күні ішінде тексеру жүргізіледі. Осы Қағидалардың 119-тармағында көрсетілген ақпарат расталған кезде ұялы байланыс операторы 2 жұмыс күні ішінде Ұлттық Банктің антифрод-орталығына ақпарат бере отырып, осы абоненттік нөмірге байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрады", – делінген бұйрықта.

Алаяқтық әрекеттердің белгілері расталмаған кезде ұялы байланыс операторы 2 жұмыс күні ішінде Ұлттық Банктің антифрод-орталығын хабардар етеді.