Алматы облысында Ұзынағаш — Отар автожолының ресми ашылуы өтті.

Алматы мен Шымкентті байланыстыратын автожолдың осы бөлігі ғана бұрын екі жолақты болған. Қазір оның 42 шақырымы толықтай жаңартылып, төрт жолаққа дейін кеңейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді екі мегаполис арасындағы жол жүргізушілер үшін ыңғайлы бола түспек.

"Ұзынағаш — Отар" автожолының ресми ашылуы салтанатына Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров қатысты. Ол құттықтау сөзінде жобаның маңызын атап өтті.

— Бүгін ауқымды жоба жүзеге асырылып отыр. "Ұзынағаш — Отар" жолы — транзиттік дәліз, яғни "Батыс Қытай" — "Батыс Еуропа" бағытының бір бөлігі. Оның өңіраралық маңызы да бар. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырым жолда жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді. Бұл — Мемлекет басшысының көлік-транзиттік мемлекетке айналу туралы тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыс. Қытай мен Еуропа арасында Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалы жыл сайын 30-35 пайызға өсіп келеді, — деді вице-министр.

Салтанатты рәсімде қозғалысты бастау батырмасы басылып, жаңа жол арқылы 15 көліктен тұратын автоколонна жүріп өтті.

Сонымен қатар іс-шара барысында жобаны іске асыруға ерекше үлес қосқан жұмысшылар марапатталды.

Көлік министрлігінің мәліметінше, "Ұзынағаш — Отар" күре жолында құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылы сәуір айында басталған.

Басты мердігер — түркиялық "KLV INSAAT A.S" компаниясы. Жобаны жүзеге асыруға 163 бірлік техника, 290 маман жұмылдырылды.

Одан бөлек екі асфальт-бетон зауыты мен төрт жол-құрылыс басқармасы жұмыс істеді.

Ал Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысы Ермек Баймұхамбетовтың айтуынша, бұрын аталған жол аумағы екі жолақты болған соң мұнда жиі жол апаты болады.

Автожол кеңейтілгеннен кейін алдағы уақытта бұл көрсеткіш төмендеуге тиіс.

Еске салайық, Алматы облысында республикалық маңызы бар тағы бір автожол — Қонаев-Күрті жолының құрылысы жүріп жатыр.

Оның ашылуы 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған