Әскери қызметімді қалай жедел форматта аяқтадым, курсанттарды не күтіп тұр және неге әскери-техникалық мектеп мінсіз нұсқа екені жөнінде

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Әскери-техникалық мектеп 24-27 жас аралығындағы азаматтарға 390 000 теңгеге (немесе 2025 жылғы бағасы 720 доллар) 40 күн әскери қызметтен өтуге мүмкіндік ұсынады. Мұнда сіз әскери-есеп мамандығын және eGov-та енді сіздің «әскерге шақырылған» емес, «әскери қызметін өтеген» азамат екеніңізді көрсететін белгіні алып, бір жылдық әскери қызметтен құтыласыз.

Әскерге шақыру жасындағы, екі дипломы және тұрақты жұмысы бар жас жігіт ретінде мен бір жыл әскерде жүргім келмеді.

Денсаулығымда аздаған кінәрат болғанымен, олар армияға шақыруды кейінге қалдыруға немесе тіпті қызметке жарамсыз деп тануға негіз болмады. Бірақ жазатайым оқиғалар туралы жаңалықтар әскери борыш туралы ойды қорқынышты еткендіктен, таңдауым айқын болды.

Медициналық тексеру, өтініш беру, күту

2025 жылдың жазында мен 24 жасқа толдым және әскери-техникалық мектепке баратынымды жоспарлап қойған едім. Әскери-техникалық мектептің аймақтық филиалдарының бірінде болдым.

Бұл «хикая» жергілікті емханада басталады: анализдер, флюорография, ЭКГ, кезек. Содан кейін eGov-қа жолданатын өтінішіңізге анықтама қоса тіркеп, әскерге шақыру туралы хабарламаны күтесіз. Іс жүзінде сіз қазірдің өзінде сарбазсыз. Тек әзірше сапқа тұрмайтан және автоматсыз сарбазсыз.

«Демо-армияға» қош келдіңіз

Ресми түрде бізді «әскери дайындықтан өткен резервтегілер» («военно-обученный резерв» — ВОР) деп атады. Бейресми түрде «ворлар» немесе қазақша «ұрылар» деп атайды. Бір қызығы, біз өзімізді дәл солай сезіндік: себебі, біз мемлекеттен бір жылдық қызметімді ұрлап алдық.

Резервтегілердің сипаты: 24-25 жаста, жоғары білімі бар, жұмыс, несиелері де бар – жалпы, көптің біріндегідей жағдай. Кейбіреулері үйленіп үлгерген, кейбірі енді үйленейін деп жүр. Менің взводымда дәрігерлер, мұғалімдер, IT мамандары, инженерлер, тіпті футболшы болды. Әртүрлі адамдар, бірақ бір мақсат — алты апта ішінде «әскери борышты өтеу».

Бірінші апта: шок және бейімделу

Ұйқыдан оятатын құрылғының дыбысынан емес, «Тұрыңдар» деген айқайдан оянасыз. Темекі шегу үшін де, дәретханаға да сап түзеп барасыз. «Болады» деген сөзді ұмытып кетесіз: ол жақта бәрі «рұқсат па» арқылы орындалады.

Бірақ бір аптадан кейін тән мен ми бейімделеді. Тіпті қатты матрац пен түнде казармадағы қорыл да қалыпты жағдайға айналады.

Тазалау, киіну, жаттығу, төсек жабдықтары алдағы алты апта бойы сіздің серігіңіз болады.

Оқулық бойынша армия

35 оқу күні бар. Негізгі пәндер: бастапқы әскери дайындық және әскери-есептік мамандықтар бойынша оқыту. Көп теория мен жазба бар. Негізгі оқулық — «Әскери қызмет негіздері». Ол оқулықта ережелер мен нұсқаулықтардың жинақталған. Арасында тіпті кеңестік нұсқаулар да кездеседі.

Оқулықта мынадай сөз тіркестері бар: «Сарбаз жау окоптарына қарай «Ура!» деп айқайлап жүгіреді». Заманауи шайқас жағдайы, мысалы, дрондар туралы сұрағанда, нұсқаушы ол жайында білмейтінін жеткізді.

Калашников автоматы, қорғаныс және шабуыл әрекеттері, инженерлік дайындық, гранаталар және тағы басқалар. Апталап оқығаннан кейін бұл ақпараттың бәрін жаттап аласың. Мен тіпті оқыған материалды ұйқыға жатқанымда да қайталап, жарық сөнгеннен кейін казармаластарымды мазалайтынмын.

Білім ұжымдық түрде меңгеріледі: жылдам түсінгендер оны басқаларға түсіндірді. Мұғалімдер — запастағы офицерлер, қатал, бірақ жалпы алғанда олар қолдарынан келгенше бәрін түсіндірді.

Күнделікті: киім, казарма және тамақ

Киім жаңа, бірақ ескіше тігілген. Арнайы етік те берді, бірақ мен аяқтарымды сақтап қалғым келсе, өз аяқ киімімді кие бергенім дұрыс екенін бірден түсіндім. Өз етігімізді киюге рұқсат етілді, бірақ басты талап — олар қара түсте болуы керек. Қысқы киім мен аяқ киім берді, бірақ олар маған қажет бола қоймады.

Казармада 30-дан астам адам болды. Екі қабатты кереуеттер, Брежнев дәуірінен қалған матрацтар, олардың тіпті мақталары жиналып қалған, екі қабатты кереуеттер бірнеше рет дәнекерленген, сондықтан таза темір үстінде ұйықтап жатқандай боласың. Душтар бар, бірақ жұмыс істемеді. Сол себепті киімнен ашық тұрған жерлерді ғана жуып жүре бересің. Әскери қызметте жақсы тәртіп көрсетсеңіз, демалыста үйге барып, жуынып келуге рұқсат етеді. Бұл — нағыз марапат.

Казармада дәретхана бар, бірақ әскери-техникалық мектепте бізден бөлек тағы әскери-техникалық мамандардың екі взводы оқып жатты. Сондықтан барлығы 70-тен астам адам болып, көбінесе даладағы әжетханаға баратынбыз.

Тамағы жеуге жарамды. Тендер бойынша көшенің арғы бетіндегі дәмханада тамақтандық. Тауық еті, арпа сорпасы, макарон ұсынылды. Егер тоймасақ, сол дәмханадан, дүкендерден және жеткізу қызметі арқылы қосымша тіскебасар алдыртатынбыз. Басшылық бұл жағдайға түсіністікпен қарады.

Түнде телефондарымызды тапсырып, таңертең алатынбыз.

Атыс жаттығуы

Жоспар бойынша бізді екі рет ату полигонына апару керек еді.

Бірінші рет бәрі классикалық сипатта болды: АК-74, тоғыз оқ, сәттің маңыздылығын сезіну. Атыс кезінде қарудың серпіліс күшін аздап сездім және атыс дыбысынан құлағым шыңылдады. Уақыт баяулағандай болады. «Бір, екі, үш!» – тоғыз рет оылай.

Гильзаларды жинау тіпті «қызықты» болды. Өйткені сен атқан оқтыкі ме, доқ па, бәрібір, бастысы — тоғыз гильза тапсыруың керек.

Бірақ екінші рет атыс жаттығуы болмады. Талдықорғандағы ату алаңында сарбаз қаза тапқаннан кейін бүкіл ел бойынша ату жаттығулары тоқтатылды. Бұл ақылға қонымды шешім болғанымен, іште бір «әттеген-айә қалып кетті. Егер мен ешқашан гранатометтен оқ атпаған болсам, мен қандай зеңбірекшімін?

Қорытынды: ант және бостандық

Соңғы апта тыныш өтіп, ант беретін сәт те жетті. Бұл рәсім бірқалыпты сипатта болды: сертификат, қол қою. Енді eGov-та сіз «әскерге шақырылған сарбаз» емессіз. Сондықтан енді әскери комитет жанынан үрейсіз жүруге және «армияға алып кетеді» деген сөзден жан-жаққа жалтақтамауға болады.

Осы 40 күннен түйгенім не нәрсе

Бұл тозақ емес, бірақ шипажай да емес. Бұл көбірек «жеделдетілген армияға» ұқсайды.

Алты аптада бүкіл эмоция мен сезім және іс-шаралар қамтылады: таңданыс күлкіге, түсінбеу мақтанышқа тез ұласып отырады. Егер сіз қазір 24 жаста болсаңыз, шыдамдылыққа дағдыланып, ақшаңыз бен әскери аяқ киіміңізді қамдай беріңіз.

Алда сіз үшін таңқаларлық, бірақ пайдалы тәжірибе ретінде есте қалатын 40 күн бар.

Бұл материал әскери-техникалық мектептің немесе Қарулы күштердің басқа салаларындағы нақты жағдайды көрсетпейді және бұл тек автордың жеке тәжірибесі.

Автордың пікірі редакция ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Авторы: Ануар Маратов