Буркина-Фасо мемлекетінде дүние келген жігіт Қазақстанда әскери борышын өтеуде.
Карл Ұлттық ұлан сапында ел тыныштығын күзетіп жүрген жас сарбаздардың бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
25 жастағы жігіт Алматы қаласының тұрғыны. Туған жері алыста болғанымен, жүрегі қазақ деп соғатын сарбаз отан алдындағы борышын Шымкентте өтеуде. Карл елге қызмет етуді үлкен мәртебе санайды.
"Менің анам – қазақ. Балалық шағым Алматыда өтті. Достарым да қазақтар болды. Сондықтан Қазақстан – менің Отаным. Осы елге қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе", – деді Қатардағы жауынгер Карл Уэдраого.
Әскери өмірдің қатал тәртібі мен темірдей талабы қатал болса да, бұл жолды Африка тумасы саналы түрде таңдаған.
"Мен Қазақстан Республикасының азаматымын. Отан алдындағы борышты өтеу – менің парызым. Мен осы елдің қорғаны болуға ант бердім. Енді мен Отанымды қорғауға дайынмын", – деді қатардағы жауынгер Карл Уэдраого.
Карлдың Әскери бөлім ішінде тәртіпке деген беріктігі мен жауапкершілігі бірден байқалады. Соның арқасында, ол қатарластарының арасында ғана емес, бүкіл бөлімше ішінде де сый-құрметке ие. Ол оның қызметіне деген адалдығы мен шынайы ықыласының арқасында.
"Қатардағы Уэдраого мамандығы бойынша жүргізуші қызметін атқарып отыр. Көлік құралын өте жоғары деңгейде біледі. Басқа елде туылса да, ҚР-ның жол ережелерін өте жақсы деген бағаға біледі", – деді 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары Идрис Чаушев.
Қазіргі уақытта 6506 әскери бөлімінде 500-ге жуық сарбаз ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Сарбаздар үшін қару – жауапкершілік, ал қызмет – қасиетті борыш. Олардың басты міндеті – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.