Қостанай облысының Арқалық қаласында ет сатушылар жаңа заң талабына байланысты қиындыққа тап болды. Әкімдік енді малды бұрынғыдай қала ішінде емес, арнайы бекітілген алыс жерде союды міндеттеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Саудагерлердің айтуынша, ол жерге бару үшін қосымша көлік шығыны мен қызмет ақысы қажет, бұл өз кезегінде еттің өзіндік құнын қымбаттатады.

«Біз 30 жыл бойы осы жерде мал сойып келдік, ешқандай шағым болмаған. Енді ол жер жарамсыз деп танылды», – дейді сатушылар.

Қазір кейбір кәсіпкерлер шығынды жаба алмай, саудасын уақытша тоқтатуға мәжбүр. Сарапшылардың пікірінше, жаңа талап ет бағасының өсуіне және нарықтағы тапшылыққа алып келуі мүмкін.