Жуырда Қазақстанның атқарушы билігі елдегі ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеруді мақсат етіп отырғандарын жария етті.

Дегенмен бұл қадам халықтың тұрмысына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Сәуірдің ортасында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин халықаралық тәжірибеде ең төменгі жалақы медианалық жалақының шамамен 50 пайызы болуы керек екенін еске салды. Қазір елде бұл көрсеткіш шамамен 300 мың теңгеге жақын. Сондықтан ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті тұр.

Бірақ бірден ескертейік, бұл өзгеріс биыл бола ма, әлде келер жылдарға қала ма, белгісіз. Шенділер бәрін бюджетпен байланыстырып отыр. Еліміз бюджет тапшылығымен әуре болып жүргенін ескерсек, таяу арада іске аса қоймайтын секілді.

Ең төменгі жалақыны көбейткеннен не ұтамыз деуіңіз мүмкін. Ең алдымен, бұл өзгерістен кейін жұмыс берушілер қызметкерінің жалақысын осы мөлшерден кем қылып қоя алмайды. Екіншіден, зейнетақы, жәрдемақы, медициналық сақтандыру жарнасы сияқты әлеуметтік төлемдер сол қаржыға байланысты есептеліп, мөлшері артады.

Қазақстан бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығымен алысып келе жатқанын айттық. Былтыр Қазақстанда ЖІӨ 6,5 пайыз өсім көрсетіп, кейінгі 10 жылда болмаған рекорд орнатты. Алайда осы өзгеріс халыққа әсер етті деу қиын. Кейінгі үш жылдан бері ең төменгі жалақыны өсіре алмай отыр. Әйтпесе қазіргі 85 мың теңге азықтан артылмайтыны анық.

"Қазақстанда жалақының өспеуіне басты себеп – бюджет тапшылығы. Тапшылық ішкі жалпы өнімнің шамамен 3 пайызына тең (4-5 трлн теңге). Квазимемлекеттік секторда жалақы өспеген соң, жеке кәсіпкерлер де үнемдеуге мәжбүр. Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша ТМД елдері арасында алдыңғы орында. Шамамен 15 мың доллар. Бірақ бұл көрсеткіш жалақы деңгейінен көрініс таппай отыр. Себебі мемлекет пен кәсіпорындардың инвестициялық шығындары тым жоғары", – деп түсіндірді мұны экономист Сапарбай Жобаев.

Қымбатшылық дегеннен шығады, үкімет қанша жерден бағаны тежеп ұстауға тырысса да, тауар бағасы ауыздыққа көнбей тұр. Тіпті, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин "мен өзім ол ақшаға өмір сүре алмас едім" деп ашық мойындағаны есте. Негізі экономикада жалақы деңгейі номиналды мән бойынша емес, сатып алу қабілеті бойынша есептеледі.

Халықтың басым бөлігі тек жалақыға телміріп күн көріп отыр. Мәселен, жұмыспен қамтылған азаматтардың 75 пайызы жалданып жұмыс істейді. Оның үстіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде 1,8 млн адам ең төменгі жалақы алып өмір сүреді.

Бірақ жалақыны осынша көтеруге қатысты күмән көп. Себебі жалақы өссе, өндіріс шығындары да өседі. Соның салдарынан тауар мен тариф құны шарықтайды. Тұтыну секторына қосымша ақша құйылса, сұраныс артады, шектен тыс сұраныс инфляцияны өршітеді. Сондықтан жалақы өседі екен деп бөркімізді аспанға атуға болмайды.

Елде жұмыс берушілердің мүддесі жұмысшылардың мүддесінен жоғары тұратыны жасырын емес. Мысалы, 2010 жылы Қазақстанға табыс ретінде түскен әрбір 100 теңгенің 34,3 теңгесі жұмысшыға бұйырса, 45,2 теңгесі жұмыс берушінің қалтасына кеткен. 2021 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақы үлесі 31,2 теңгеге дейін азайып, капитал иелерінің үлесі, керісінше, 50,8 теңгеге дейін молайған.

Ең жаманы, 2016-2019 жылдары жұмысшының сыбағасы 28-30 теңгеге дейін құлдырап, бизнестің таза пайдасы 52 теңгеге дейін көбейген. Былайша айтқанда, аталған 10 жылда байлар байыған үстіне байып, кедейлер жұтаған үстіне жұтай берген.

Енді қараңыз, АҚШ пен Еуроодақта ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі 55-60 пайызды құрайды. Бұл елдерде кәсіпкердің пайдасына емес, жұмысшының табысына басымдық беріледі. Ал біздегідей пайданың жалақыдан 20 пайызға артық болуын экономикалық теңсіздіктің көрінісі деуге болады.

Жасырары жоқ, қолданыстағы заңның өзі бұл жұмыс берушінің сойылын соғатын секілді. Еңбек кодексінің 157-бабында жалақыны индекстеу тәртібі ұжымдық келісімшартқа енгізілуі "мүмкін" деп екіұштылау жазылған. Мұндағы "мүмкін" сөзі – міндеттеу емес, ұсыныс қана. Сөйтіп, заңдағы кішкентай бір саңылау жалақыны индекстеу мәселесін қожайынның өз еркіне қалдырған.

Қорыта айтқанда, үкіметтің бұл ниеті толықтай құптауға тұрарлық. Алайда екінші жақтан жарысып, қыспаққа салып отырған инфляцияны тежеу мүмкін бола ма, бұл сұрақ жауапсыз қалатындай. Қазір тек қымбатшылықпен алыса бермей, халықтың қалтасын қалыңдатуға зер салған жөн секілді.