Павлодар облысында ішінде 50 жолаушысы бар автобус аударылып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оқиға Шідерті – Астана тас жолында болған.
Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы алтауы түрлі жарақат алған. Зардап шеккендердің бір бөлігі ауруханаға жеткізілді.
“Жедел жәрдем қызметіне Шідерті – Астана тас жолында автобус аударылғаны туралы хабар келіп түсті. Шамамен 50 жолаушы болған. Зардап шеккендер бар. Оқиға орнына бес жедел жәрдем бригадасы мен Төтенше медицина орталығының тобы жіберілді”, – делінген облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының хабарламасында.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке сүйенсек, автобус апатына байланысты тасжолда бірнеше шақырымдық кептеліс пайда болған. Сонымен қатар боран, қатты жел және жолдың көрінбеуіне байланысты Павлодар облысында 7 қараша сағат 20:00-ден бастап барлық бағыттарда барлық көлік түрлеріне қозғалыс тоқтатылды.
Павлодар облыстық полиция департаменті жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.