Құжат Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтай қорытындысында берген тапсырмасы негізінде әзірленгенін Үкімет хабарлады.

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен Үкіметте 2026–2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бағдарламаны Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқықтары жөніндегі уәкілмен, Парламент депутаттары және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп дайындаған.

Тұжырымдама еліміздегі балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған барлық қолданыстағы және жоспарланып отырған шараларды біріктіруді көздейді. Бұл – өскелең ұрпақтың мүддесі үшін жүйелі, тұрақты әрі дәйекті мемлекеттік саясат қалыптастырудағы маңызды қадам.

– Жұмыс барысында мемлекеттік органдар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты бағдарламалық, нормативтік және стратегиялық құжаттарға ревизия жүргізді. Бұл қайталанатын нормаларды анықтауға, сондай-ақ интеграция мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді, – делінген Үкіметтің хабарламасында.

Мәліметке сәйкес, "Қазақстан балалары" бағдарламасы елдегі әрбір баланың құқығы мен әл-ауқатын жүйелі қорғауды қамтамасыз ететін тұрақты мемлекеттік саясаттың негізіне айналмақ.

Кеңес қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға айтылған ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, бағдарламаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.