Аталған құжатты 305 депутат қолдап, 199-ы қарсы дауыс берген.
Депутаттар емі жоқ ауруға шалдыққан ересек азаматтарға дәрігер көмегімен өмірден өз еркімен кетуге құқық беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп жазады inbusiness.kz сайты France 24 телеарнасына сілтеме жасап.
Франция Президенті Эммануэль Макрон да бұл бастаманы қолдап, бұл көптен күткен гуманистік ұстанымды білдіретінін жеткізді. Аталған шара жазылмайтын дертке шалдыққан адамдардың еркін және қадір-қасиетін құрметтеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Заң жобасы эвтаназия мәселесімен қатар паллиативтік көмек көрсету жайын да қамтиды. Бұл оны тек өмірден кетуге рұқсат беретін құжат емес, сонымен бірге дерттің соңғы кезеңінде науқастың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді заң жобасы етеді.
Алайда бұл заң күшіне енуі үшін ол Сенатта да талқыланып, мақұлдануы тиіс. Заңға әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, Швейцарияда және АҚШ-тың бірнеше штатында көмекші суицидке рұқсат етілген. Қазіргі уақытта эвтаназия Нидерланды, Испания, Португалия, Канада, Аустралия, Колумбия, Бельгия және Люксембург секілді елдерде белгілі бір шарттармен заңдастырылған.