Жасанды интеллектіні пайдалану бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа мүмкіндіктермен қатар, қосымша жауапкершілік пен кәсіби талаптар да жүктейді.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елордада өтіп жатқан дәстүрлі Astana Media Week медиа апталығының ашылу салтанатында айтты.
Министрдің айтуынша, биылғы медиа аптаның басты тақырыптарының бірі – жасанды интеллектіні медиасалада қолдану мәселесі.
– «Қазір көптеген бағытта виртуалды жүргізушілер мен цифрлық ассистенттер құру, аударма мен субтитр жасау, контентті автоматтандыру және визуализациялау процестерінде жасанды интеллект кеңінен қолданылады. Бұл медианың дамуына жаңа серпін беріп, журналистер мен редакцияларға тың мүмкіндіктер ашады. Алайда, сонымен бірге, кәсіби этика, ақпараттың анықтығы мен сапасы тұрғысынан жаңа талаптар да туындайды», – деді Аида Балаева.
Министр сондай-ақ Astana Media Week алаңының маңыздылығына тоқталып, оның саланың өзекті мәселелерін талқылауға және шешудің тиімді жолдарын іздеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– «Бүгін медиа апта аясындағы пленарлық сессиялардың бірі дәл осы тақырыпқа арналуы бәрімізді қуантады. Astana Media Week аясындағы пікірталастар медиасфераның болашақ дамуына бағытталған нақты ұсыныстарды қалыптастырады деп сенемін», – деді министр.
Айта кетейік, Astana Media Week – Қазақстандағы ірі медиа алаңдардың бірі. Биылғы іс-шараның күн тәртібінде медиадағы технологиялық трансформация, жасанды интеллекттің рөлі, ақпараттық қауіпсіздік және жаңа медиа форматтар сияқты өзекті тақырыптар қарастырылуда.