АҚШ-тың Кентукки штатында UPS авиакомпаниясына тиесілі McDonnell Douglas MD-11F жүк ұшағы Луисвилл қаласындағы Мұхаммед Әли атындағы халықаралық әуежайдан көтерілген соң көп ұзамай апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы (FAA) мен Aviation Safety Network агенттігінің мәліметінше, UPS компаниясының 2 976 нөмірлі рейсі Гонолулуға бет алған. Ұшақ бортында болған үш экипаж мүшесінің барлығы қаза тапқан.

Алдын ала деректер бойынша, ұшақ құлаған кезде әуежай маңындағы бірнеше ғимаратқа соғылып, жердегі төрт адам мерт болған. Тағы он бір адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Куәгерлер апат кезінде қуатты жарылыс пен аспанға көтерілген қою қара түтінді байқағандарын айтқан. Жергілікті билік әуежай маңында төтенше жағдай жариялап, 8 шақырымдық аумақта тұрғындарға shelter-in-place (орнында қалу) режимін енгізді. Бұл шешім улы түтіннің таралу қаупіне байланысты қабылданған.

UPS Airlines компаниясы апат фактісін растады және АҚШ-тың Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесімен (NTSB) бірлесіп, апаттың себептерін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Алдын ала болжам бойынша, ұшақтың бір қозғалтқышы әуеге көтерілгеннен кейін істен шыққан болуы мүмкін.