Қазақстан құрамасының бір кездегі көшбасшысы әрі үміті болған Ұлан Қонысбаев бірнеше жылдан кейін алғаш рет ресми матчқа қатысты. Бірінші лиганың жетінші турында «Тараз» бен «Арыс» арасындағы ойында ол кездесудің соңына таман алаңға шықты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

«Тараз» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Команда сапынан 61-минутта Диас Лесбек, 74-минутта Еркебұлан Тойбеков гол соқты. Ал 84-минутта алаң иелерінің бапкері Жақып Қожамбердінің орнына 36 жастағы Қонысбаевты шығарды.

Бұл – Қонысбаевтың 2021 жылғы 27 қыркүйектен бергі алғашқы ресми матчы. Сол кезде ол Қазақстан Премьер-лигасында «Тараз» сапында «Астанаға» қарсы ойнаған еді. Ол матч 0:3 есебімен аяқталған. Осылайша, жартылай қорғаушы 1698 күн, яғни төрт жарым жылдан астам уақыт ресми ойындарға қатыспаған.

2022 жылы Қонысбаев кәсіби мансабын аяқтаған болатын. Алайда 2026 жылғы маусым басталар алдында «Тараз» клубы басшылығының шақыртуымен футболға қайта оралды. Енді, жетінші турда, бірнеше жылдан кейін алғаш рет алаңға шықты.

Жеті турдан кейін «Тараз» бірінші лигада 15 ұпаймен үшінші орында тұр. Команда көш бастап келе жатқан «Қайрат-Жастардан» екі ұпайға қалып келеді.

Айта кетейік, келесі аптада Қонысбаев 37 жасқа толады. Ол 2011-2016 жылдар аралығында Қазақстан құрамасында ойнап, 33 матчта үш гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget