Сондай-ақ, ауылда мектептің шатыры жөнделіп, жаңа балалар ойын алаңы салынды .
Солтүстік Қазақстан облысының Ащыкөл ауылында Harvest Group SA компаниясы 8 жыл тұралап қалған бидай элеваторы жұмысын қайта жандандырды. Оның қуаттылығы 72 мың тоннаны құрайды.
Компания жобаға 15 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Енді Ақжар ауданы мен іргелес жатқан елді-мекен шаруалары нарықтағы бағаға сай дәнді-дақыл өнімдерін өткізе алады. 460 мың гектардан асатын жерге дән егіп, нәпақасын тауып отырған 156 ауыл шаруашылығы өндірушісі өнімдерін қабылдайтын элеватордың қайта жанданғанына бек қуанышты.
"Жоба аясында 33 жаңа жұмыс орны ашылды, алдағы уақытта қызметкерлер санын 80 адамға дейін жеткіземіз. Біз аудан басшылығымен бірге ортақ іске жұмылып, жұмысымызды бастап кеттік. Өз тарапымыздан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға үлес қосуды бастадық. Мектеп шатырын ауыстырып, ауыл балаларына ойын алаңқайын ашып бердік", – деді "Харвест Агро" директорының орынбасары Алмаз Маралов.
Ащыкөл орта мектебі 1990 жылдары салынған болатын. Сол уақыттан бері мектепке бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Жыл сайын тек ағымдағы жөндеу жүргізілгенімен, ғимараттың жағдайы жыл өткен сайын нашарлап отырды. Ең үлкен мәселе – тозған шатыр, оның салдарынан төбеден су ағып, оқу процесіне қолайсыздық туғызды.
Иневестор мектептің шатырын толық ауыстырып берді. Нәтижесінде балаларға қауіпсіз әрі жайлы жағдайда оқу мүмкіндігі туды. Ал келесі жылы компания мектепке күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр.
"Қысқа уақыттың ішінде мектебіміздің шатырын ауыстырып беруге қаржы бөлген компания басшысы Алмаз Альсеновқа мұғалімдер мен оқушылардың, ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіремін. Біздің мектеп шыны керек іргетасы қаланғаннан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген", – деді мектеп директоры Рақымжан Әлжанов.
Сондай-ақ ауылда жаңа балалар ойын алаңы салынды. Ол ауылдың көпбалалы отбасылары шоғырланған бөлігінде бой көтерді. Бұған дейін бұл жерде балаларға арналған алаң мүлде болмаған. Енді ауылдың бүлдіршіндері үшін заманауи әрі қауіпсіз демалыс орны пайда болды.
"Ащыкөл ауылына жан бітті. Біз үкімет тарапынан айналдырған екі-үш айдын ішінде үлкен трассадан ауылға дейінгі 11 шақырым жолды жөндеуден өткіздік. Сондай-ақ келесі жылы ауыл ішіндегі көшелерге асфальт жол төсеу жоспарланды. Инвестор алдағы уақытта жаңа үйлер тұрғызуға, мамандар шақыруға күш салатынын айтты", – дейді Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаев.
Бұл бастамалар Ащыкөл ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға үлкен үлес қосады.