Жобаны іске қосу мерзімі – 2026 жылдың бірінші тоқсаны.
Солтүстік Қазақстан облысында сүтті терең өңдеуге арналған жаңа заманауи зауыттың бірінші кезеңінің құрылысы толық аяқталып, өндірістік жабдықтарды монтаждау жұмыстары тәмамдалды.
Республикалық маңызы бар бұл ауқымды жоба өнімді еліміздің барлық өңіріне жеткізуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның технологиялық жабдықталу деңгейі Қазақстандағы ең озық саналады және ел аумағында ғана емес, жалпы ЕАЭО кеңістігінде де баламасы өте сирек.
Петропавлдағы өндіріс жаңа қоюлатылған сүт шығару желілерімен кеңейтіліп, өнімді өңдеу мен қоюлату үдерісінің барлық кезеңіне толық бақылау орнатылған. Қазіргі уақытта барлық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталып, зауыт өндірістік процесті технологиялық реттеу кезеңіне кірісті. Өнімдер тек Солтүстік Қазақстан фермерлерінен жеткізілетін шикізаттан, толықтай табиғи әрі жоғары сапада өндіріледі.
Eurasian Milk-тың барлық өндірістік желілерін өнеркәсіптік іске қосу келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Жобаның жүзеге асуы елдегі сүт өнеркәсібін дамытуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қоспақ. Зауыт тәулігіне 350 тоннаға дейін (жылына 125 мың тонна) сүт қабылдап, тазалай алатын желілермен жабдықталған. Сондай-ақ кәсіпорында жартылай қатты, қатты және жұмсақ ірімшік, сары май, қоюлатылған сүт, қышқыл сүт өнімдері өндіріліп, ультра-клин қаптамасында буып-түю қарастырылған. Маңызды бағыттардың бірі – сүт сарысуын терең өңдеу арқылы дұрыс және спорттық тамақтануға арналған өнім шығару.
Зауыт құрылысы рекордтық қысқа мерзімде – барлық монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін үш жылға жетпейтін уақытта жүзеге асырылды.
"Біз бұл зауытты болашақты көздей отырып салдық. Мақсатымыз – Қазақстанда әлемдік үздік стандарттарға сай, жоғары технологиялы, заманауи әрі бәсекеге қабілетті сүт өңдеу өндірісін қалыптастыру. Жобаның алғашқы кезеңі аясында игерілген инвестиция көлемі бүгінде шамамен 80 миллион долларға жетті. Бұл тек бір кәсіпорынның ғана емес, тұтас өңір экономикасының дамуына қосылған елеулі үлес. Біздің алдымызда ауқымды әрі маңызды міндет тұр. Ол – отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін нығайту, импортқа тәуелділікті азайту және қазақстандық тұтынушыларға табиғи, сапалы әрі қауіпсіз өнім ұсыну", – деді Eurasian Milk бас директоры Андрей Гриценко.
Жобаның алғашқы кезеңі 10 000 шаршы метрден астам өндірістік және инженерлік инфрақұрылымды салуды және негізгі технологиялық бағыттарды іске қосуды қамтиды. Сондай-ақ заманауи энергетикалық инфрақұрылым құрылды, оған су, салқындату, бу және электрмен қамтамасыз ету жүйелері, жаңа ғимараттар мен жабдықтардың толық кешені кіреді.