Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу қажет екенін, мұндай ұйымдар ұлттық құндылықтарымызды таптап, ұрпақ тәрбиесіне қауіп төндіретінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутаттың айтуынша, ата-ана балаға өзінің жынысы мен рөлін түсіндіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеуі керек. Сонда ғана қоғамдағы моральдық және психологиялық мәселелердің алдын алуға болады дейді.
«Біз тәрбие мәселесін тек білім ордаларына, мұғалімдерге ғана артып қоймауымыз қажет. Тәрбие – отбасынан басталады. Сондықтан ұлттық құндылықтарға иек артып, салт-дәстүрге көбірек мән беру керек. Қыздың қыз екенін, ұлдың ұл екенін бала кезінен бастап түсіндіруіміз керек. Кейбір отбасыларда қызға ер баланың киімін немесе ер балаға қыздың киімін кигізіп қояды, ол дұрыс емес. Бала өзінің кім екенін кішкентай кезінен біліп өскені абзал. Сол кезде ғана біз ұрпағымызды сақтап қаламыз», дейді мәжілісмен.
Мәжіліс кулуарында Еділ Жаңбыршын ЛГБТ-ға қатысты нормада насихатқа тыйым салу мәселесі көтеріліп отырғанын, бірақ жеке тұлғалардың құқығы шектелмейтінін түсіндіріп өтті.
«Біз бала құқығын қорғау, мәдениет саласы, кинематография, онлайн платформа және онлайн жарнамалау, масс-медиа сияқты сияқты заңдарды қарастырып отырмыз. Мұнда порнографияны, зорлық зомбылықты, қорлауды, адам психикасына әсер ететін, әсіресе балаларды құқықбұзушылыққа итермелейтін басқа да шараларды пайдалану заңмен қудаланады. Енді осының қатарына дәстүрлі емес жыныстық қатынас өкілдерінің насихатын да қостық. ЛГБТ өкілдері «біздің құқығымыз тапталып жатыр» дейді, біз «сіздің құқығыңыз тапталып жатқан жоқ, бізде ЛГБТ-ға тыйым жоқ, біз оны насихаттауға тыйым салу мәселесін көтеріп жатырмыз» дейміз. Ол екеуі екі бөлек нәрсе. Сондықтан оның ара-жігін ашып алу керек. Ал жалпы олардың ойлары, пікірлері бізге белгілі», деп сөзін түйіндеді Е.Жаңбыршин.
Елімізде ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салатын түзетулерді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да қолдады. Ол бұл шаралардың сәл кеш қолға алынғанын айтып қалды.
«Кітап дүкенінен ЛГБТ-ны насихаттайтын басылымдарды көрдім. Онда екі ханзада бір-біріне ғашық болып қалады. Мұндай өте көп. Осыған ұқсас келеңсіздіктерді насихаттайтын мультфильмдер, журналдар, комикстер де бар. Бұғанасы қатпаған жасөсіпірімдерге мұндай түсінік тез сіңіп кетеді. Сондықтан бір жыныстық қатынасты насихаттаса, пропаганда жасаса, ұрандаса, онда тыйым салу керек. Өздері қалағанша өмір сүрсін, бірақ насихат жасамасын. Үйінде болғанның бәрі сол үйде қалсын. Негізі бұған тыйым салу шараларын сәл кеш қолға алып отырмыз. Десек те, балалар мен жасөспірімдерді қорғау әркез маңызды», дейді депутат И.Смирнова Мәжіліс кулуарында.