Көне қала ел астанасы Лимадан солтүстікке қарай орын тепкен.

Археологтар Перудің Уаура провинциясында орналасқан, шамамен 3800 жыл бұрын салынған ежелгі Пенико қаласының орнын тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты CNN-ге сілтеме жасап.

Ғалымдардың сөзінше, Пенико шамамен б.з.д. 1800 жылдары негізі қаланған. Бұл қала жағалаудағы елді мекендерден биік Анд тауларына және Амазонка жағалауына апаратын маңызды жол торабында орналасқаны айтылады. Бұл жерде 18 құрылыс нысаны, соның ішінде тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар табылды.

Қоғамдық ғимараттардың бірінен саздан жасалған мүсіндер, діни салт-жоралғыларға арналған құралдар табылды. Сонымен қатар "путутус" деп аталатын рәсімдік құбырлар анықталды.

Ғалымдар Пенико Караль өркениетінен кейін пайда болған деп есептейді. Бұл Америка құрлығындағы ең көне өркениеттердің бірі. Пенико қаласы қызыл түсті гематит минералымен сауда жасау арқылы дамыған деген нұсқа да айтылады. Гематит минералды қыш бұйымдарын бояуға және діни рәсімдерде денеге таңба салуда қолданылған.

Пениконың бір бөлігі туристерге ашылды.