Абай облысында тағы бір заманауи білім ордасы ашылуға дайын.

Аягөзде салынған жаңа «Келешек мектебі» оқушыларды екінші тоқсаннан бастап қабылдайды. Бүгін болашақ білім ұясында ашық есік күні өтті. Ата-аналар мен оқушылар мектептің ішкі құрылымымен және жаңа оқу форматымен танысты.

Аягөздегі №11 жалпы білім беретін мектепте өткен шараға жүзге жуық ата-ана мен екі жүздей оқушы қатысты. 600 орынға арналған үш қабатты мектептің құрылысы толық аяқталды. Екінші тоқсанда қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Бақнұр Берікболов, оқушы:

- Бұл тек қана білім беру ордасы ғана емес, бұл біздің жан жақты дамуымызға ұлтық құндылықтарды бойымызға сіңіріп жаңа технологияларды меңгеруімізге арналған қолайлы мектеп саналады.

Жанат Ералиева, Аягөз қаласының тұрғыны:

- Әр ата-ана өзінің баласының биікте болғанын, жан-жақты дамығанын қазақ халқына өзінің мемлекетіне үлкен үлес қосқанын армандайды. Сондықтан жағдайы жасалған, қауіпсіздігі бар жан жақты дамыған мектепке бергім келеді.

Жаңа мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша салынған. Мұнда 30 пән кабинеті, 6 зертхана, асхана жән акт залы бар. Сабақтар бір ауысымда мемлекеттік тілде өтеді.

Нұрғали Әзімбаев, Аягөз аудандық Білім бөлімінің басшысы:

- Бүгін 400-дің үстінде бала жазылды. Бүгін ашық есік күнін ұйымдастырып тұрмыз. Ата-аналарға , оқушыларға алдын-ала келіп танысу үшін мұғалімдердің іріктеу конкурстары жарияланды. Арнайы оқу ағарту министрлігінің 57 бұйрығына сәйкес мұғалімдер тікелей ашық конкурс арқылы іріктеліп алынады.

Аягөздің Қуаныш шағын ауданында бой көтерген мектеп үшін ата-аналар дән риза. Жалпы білім ошағы облыс бойынша қолданысқа берілетін төртінші «Келешек мектебі» боп отыр. Қазір өңірде жоба бойынша бес білім ұясы салынып жатыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов, Мәди Базарбеков